Ақтөбеде биыл құрылыс салуға деп бөлінген 77 жер телімі кері қайтарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде биыл құрылыс салуға деп бөлінген 77 жер телімі кері қайтарылды

06.09.2022

Ақтөбеде биыл құрылыс салуға деп бөлінген 77 жер телімі кері қайтарылды. Оның бесеуі кәсіпкерлік нысанға арналған. Арнайы тексерістердің қорытындысы осындай. Ал бүгін «ауламызды тарылтпасын!» деген бір топ ақтөбелік тұрғын, дүкеннің құрылысына қарсы шықты. Кәсіпкер ешкімге ескертпей, аумақты қоршап алған. Жұрт балалар ойнайтын алаң да, көлік қоятын орын да қалмады деп отыр.

Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл аулада көп қабатты 4 үй бар. Тұрғындар «Ауламыз онсыз да тар, тіпті дем алып отыратын орын жоқ», - дейді. Егер мына жерге дүкен салынатын болса, жағдайлары тіпті қиындамақ.
Бұл жерде бұған дейін шағын дүңгіршек тұрған. Ол бұзылып, он шақты күн бұрын үлкен аумақта мына қоршау пайда болған. Тұрғындардан ешкім келісім алмапты. Мұндағы халық: «Бұған дейін де көлік қоятын орын аз еді, енді тіпті өз ауламызға өзіміз кіре алмай жүрміз»,- дейді.

Мәдина Әлменова, қала тұрғыны:
Өзімізге таршылық етіп отырған аула. Мына жерге түнде келсеңіз, мұнда жол жоқ. Бізге такси, жедел-жәрдем келгенде әрең деп кіреді. Ауламызда жол жоқ деп шағым айтады.Біз ана жақтан түсіп қаламыз кейде.
Аулада шағын ойын алаңы бар. Оның өзі тоза бастаған. Сондықтан тұрғындар әкімдіктен тағы бір алаң салып беруді сұрадық дейді. Алайда, үміттері ақталмады, екінші алаң салынады деген жерден екі қабатты дүкеннің құрылысы басталмақшы

Мақпал Ақмурзина, қала тұрғыны:

Бұл дүкен бізге мүлде керек емес. 2 қабатты дей ме,қандай болса да! Бізге керегі балалар алаңы. Көріп тұрсыз ғой, балалар алаңы қанда кішкентай.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, құрылыс салынатын жер кәсіпкердің жеке иелігінде. Алайда, тұрғындар қарсылығынан кейін қоғамдық тыңдау өткізілетін болды.

Жанаргүл Мақашова, қалалық сәулет бөлімінің бас маманы:

Көп қатарлы үйдің қосымша жері емес, өзінің жеке меншік жерінде. Сондықтан 70 пайыз деген заңда қарастырылмаған. Оған қарамастан тұрғындар наразылық білдірген күннен бастап құрылысты тоқтатуға міндетті болып тұрды.
Қоғамдық тыңдау жақын күндері өткізілуі тиіс. Егер, тұрғындардың көбі құрылысқа қарсылық білдірсе, кәсіпкерге дүкен салуға қажетті жер қаланың басқа ауданынан берілуі мүмкін. 
Жақсыбек Кемал





Хабарламаларға жазылу