Павлодар қаласында құрылыс үшін берілген жер телімдері қайта тексеріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар қаласында құрылыс үшін берілген жер телімдері қайта тексеріледі

07.04.2021

Павлодар қаласында құрылыс үшін бөлінген жер телімдері қайта тексеріледі. Себебі, соңғы бір жылда жер учаскелерінің заңсыз берілгені анықталып,ондаған нысанның құрылысы тоқтатылған. Оның үстіне, аулалардағы бизнес нысандарына қатысты тұрғындар мен кәсіпкерлер арасында шиеленіс жиілеп кетті. Сондықтан аймақ басшысы бұған дейін берілген учаскелер мен құрылысқа рұқсат беру туралы шешімдерді қайта саралауды тапсырды.

Тұрғындар мен кәсіпкер арасындағы жанжал бірінші рет емес. Ауладағы автотұрақ ретінде пайдаланған 6 сотық учаске сатылып кеткен. Бұны жуырда ғана білген жұрт ашулы.

Нұрқасым Дәрімов, қала тұрғыны:
Балалар қайда ойнайды? Мына ағаштарды кесіп тастағанның өзінде орын жоқ. Сондықтан мен қарсымын.

Ал, пәтер иелері кооперативі жер телімінің сатылатынын үш жыл бұрын білген. Конкурсқа шығарылмас бұрын бұл жерде жоғары кернеулі электр кабелі және су құбыры барын жазбаша түрде хабарладық. Содан кейін жерді саудалауға тыйым салынды деп ойладық дейді.

Светлана Гребенщикова, пәтер иелері кооперативінің төрайымы:
Ол небары екі күн ішінде жер қатынастары бөлімінен өз атына рәсімдеп алған. Жарты жыл бойы сатылымға шығарған. Енді міне жаңа иесі келіп қоршап тастады. Бұл жерде үш бірдей су құбырының құдығы бар. Коммуникацияның үстіне қалай құрылыс жүргізбек? Санитарлық нормаларды ескермей мемлекеттік орган қалайша бергені түсініксіз.

Торайғыров көшесіндегі 81 ші үйдің тұрғындары да ауладағы құрылысқа түбегейлі қарсы. Мұндағы ойын алаңының үстінен үш қабатты офис салынбақ. Кәсіпкер жер актісімен қоса құрылыс жүргізуге рұқсат беретін құжаттарын сақадай-сай қылып алған.

Роза Янчевская, қала тұрғыны:
Қыста үйіміз суық болды. Бұл нысанда орталық жылу жүйесіне қосылады. Сонда не боламыз? Бұл бейбастақтықты кім тоқтатады?

Былтыр ондаған жер телімдері сот арқылы мемлекетке қайтарылды. Олардың арасында мектеп стадионы, саябақ, мемлекет тарапынан қорғалатын аумақ та бар. Мәселе ушыққан соң облыс әкімі соңғы жылдары жеке меншікке өтіп кеткен жерлерге ревизия жасау қажет деп шешті.

Болат Аманбаев, тілші:
Мына жерде бұрын көпқабатты үйлерге газ беретін шағын кешен болатын. Орнына дүкен салынды. Енді сүріледі. Сот солай-деп шешім шығарды. Себебі, осыдан 4 жыл бұрын әкімшілік ұйытқы болған «Ауладағы дүкен» жобасы заңға қайшы болып шықты.
Қуандық Жаминов, қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
Бұны 2020 жылдың аяғында СПК АҚ тиімсіз деп жариялады. Жалпы 64 жер телімі берілген. Соның ішінде 46-сы артқа қайтарылды. Қалған 18 жер телімімен жұмыстар әлі жалғасуда.

Соңғы 5 жылда қала аумағынан 550 ге жуық жер телімі кәсіпкерлерге беріліпті. Осы жолы да жерге қатысты заңсыздықтар анықталатын болса біраз құрылыстың басталмай жатып тоқтайтыны анық.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу