Қайырымды жандар тұрмыстық жабдықтардан бастап азық-түлікке дейін жинаған. Олардың басты тілегі – елдің амандығы.
Елорда тұрғындары да қолда барын гуманитарлық көмек қабылдайтын орындарға өткізіп жатыр.Тұрмысқа қажетті жабдықтар, киім-кешек, азық-түлікпен қатар балалардың ойыншығын әкелгендер де бар.
Арай Ордабаева, ерікті:
Кеше көрдім, Қостанай облысында өрт болып жатқанын. Сол үшін қайтадан павильон бос тұр. Сол павильонға киімдер жинаймыз деп ойладық. Мұнымен тұрақты түрде айналыспаймын. Көмектескім келді.
Арай Ордабаева бұған дейін Арыстағы жарылыс кезінде осындай көмек ұйымдастырған. Енді Қостанайға қажет заттарды бір ай бойы жіберіп тұрмақ. Бүгінде үш тоннадан астам дүние жиналған. «Amanat» партиясының елордалық филиалында да 25 тонна жүк жиналып, Әулиекөлге жөнелтілді. Жүргізушілер тегін жеткізіп беріп, бүкіл жол шығынын өз қалтасынан төлемек.
Қайырлы Тәукен, Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті:
Шамамен 5 тонна жүк бүгін әкеліп, өз атымыздан, партия мүшелері атынан, базардағы кәсіпкерлердің атынан көмек жасап жатырмыз. Өрт болған кезде үйінен ешбір заттарын алмай шыққан. Сондықтан қандай тұрмысқа керек заттар бар, соның бәрін қарастыруға, қамтамасыз етуге тырыстық. Бұл бастама деп, басқа да кәсіпкерлер осыны қолдап, одан әрі көмектің ауқымы артады деп ойлаймыз.
Зардап шеккен ауылдарға «Біз алматылықпыз» еріктілер тобы Magnum сауда желісімен бірігіп елордадан 40 тонна жүк жіберді. Алматыда да керек жабдықтарды жинастырып жатыр.
Серік Селеубайұлы, Олжас Берікбай