Еліміздің түкпір-түкіпірінде Қостанай облысындағы алапат өрттен зардап шеккендерге қолдау көрсетіп, көмек жинала бастады. Әр өңірде гуманитарлық көмекті қабылдау пункттері ашылды. Жәрдемдесемін деген жұрт ең қажетті заттарды сол жерге барып тапсыра алады.
Қостанай жұртына қол ұшын созуға келгендердің бірі – алматылық Сәбитовтер жанұясы. Отағасы Ершат келіншегімен бірге ерте оянып, сауда орталығынан керек-жарақты сатып алған. Қиын-қыстау кезде бірлігімізді көрсетуіміз қажет дейді жас отбасы.
Ершат Сәбитов, қала тұрғыны:
Азық-түлік, киім-кешек әкелдік. Қазақ айтады ғой: Көп түкірсе, көл болады деп. Біз қостанайлықтармен біргеміз.
Уайыс Әбдікәрімов, қала тұрғыны:
Қазіргі жастар бір-біріне көмектесіп, қиын-қыстау кезде ұмыт қалдырмай, қолынан келгенше көмектесіп жатыр. Біз де аз-кем азық-түлік әкелдік.
Бұл қайырымды іске еріктілер де білек сыбана кіріскен. «Аманат» партиясы Қостанай облысына көмек көрсету үшін жер-жерден гуманитарлық көмекті қабылдау пункттерін ашты.
Әкежан Кеңесов, қалалық «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы:
Алматы қаласынан атсалысқысы келетін еріктілер көп. Дегенмен алыс жолға дайын, құрылыс жұмыстарын қалпына келтіруге дайынмын деген еріктілерді өзіммен алып кетуге дайынмын. Ол гуманитарлық көмекті апарып тастап кетпей, жеткізілуі қалай болады, құрылыс жұмыстарына да қол көмегімізді береміз.
Қостанай облысындағы өрт кезінде эвакуцияланған тұрғындарға жерлестері де қол ұшын созып жатыр. Халыққа азық-түлік өнімдері, гигиеналық заттар мен төсек-орын жабдықтары жеткізілуде.
Зардап шеккендерге көмектесуден іргедегі өңірлер де қалып жатқан жоқ. Осылайша жер-жерден жеткен жәрдем Қостанай жұртының көңілін бір демдегендей.
Жазира Оразқызы