Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Атырау облысына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Атырау облысына барды

02.09.2022

Бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Атырау облысына барды. Премьер-министрдің қатысуымен алқалы жиын өтті. Онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму динамикасы сараланып, аймақ үшін маңызды жобалар талқыланды.

Биыл Атырау облысына республикалық бюджеттен 120 миллиард теңгенің үстінде қаржы бөлінген. Соның есебінен 29 ауылдық елді мекеннің тозығы жеткен инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелері жаңғыртылып, күре жолдар жөнделетін болады. Жалпы өңірде осы бағытта 41 жоба қолға алынған. Мұнан бөлек, Үкімет басшысы аймақта азық-түлік тапшылығы мен бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуді жергілікті әкімдікке нықтап тапсырды. Сондай-ақ, батыс өңірлерінде тұрғындарды тұщы сумен қамту мәселесі де алдағы уақытта оң шешімін табатын болды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Экология, геология және тиабиғи ресурстар министрлігі Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарын сумен қамтамасыз ету мақсатында Көкжидеден магистральді су құбырын тарту бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ТЭН дайындау мәселесін жылдамдатсын.

Үкімет басшысы Атырау мен Ресей шекарасы аралығындағы автожолды жөндеу жұмыстарын жеделдетуді және аймақта үш ауысыммен оқытатын мектептерді азайту бойынша облыс әкіміне бірқатар тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, Президент Жолдауынан туындайтын мақсат-міндеттердің орындалуы бағытында нақты шешімдер қабылдап, сан-салада нәтижелі жұмыс атқарылуы тиіс деді Әлихан Смайылов.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу