Президент жолдауы: Қ.Тоқаев бизнесті несиелеуді тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент жолдауы: Қ.Тоқаев бизнесті несиелеуді тапсырды

01.09.2022

Президент жолдауда ел экономикасын арттыруға да ерекше басымдық беріп, саладағы негізгі мәселелерді атады. Әрі бизнесті қолдау, транзиттік әлеуетті арттырып, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға тапсырма берді. Үкіметтің жұмысын сынға алып, ескерту де жасады. 

Экономикада қордаланған түйткіл көп. Шикізатқа тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен. Инновация жеткіліксіз. Президент мұны шешу үшін шағын және орта кәсіпті несиелеу керек деді. Ол үшін 42 миллиард долларға жуық қаражат қажет. Бірақ банктер артық тиын шығарғысы келмейді. Сөйте тұра триллиондаған теңгесі экономикаға еш пайдасын тигізбей босқа жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Үкімет бірлесіп, нақты секторды тұрақты әрі қолжетімді несиемен қамтамасыз ететін шешімдер қабылдауы тиіс. Ұлттық банк қазіргі ахуалдың өте күрделі екенін ескере отырып, барынша икемді қимылдауы, тіпті тапқырлық танытуы керек. Шетелдерде бұған қатысты оң тәжірибелер бар.

Транзиттік әлеуетті арттыру қажет

Қазіргі геосаяси ахуалда Қазақстан Азия-Еуропа арасындағы маңызды құрлық дәлізі. Осы транзиттік мүмкіндікті барынша пайдалану қажет. Осы салада ірі жобалар жүзеге асырыла бастады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Атап айтқанда, Ақтауда контейнер хабы құрылып жатыр.Транскаспий дәлізі дамып келеді.Осы жұмыстарға әлемдегі үздік логистика компаниялары тартылады.«Қазақстан темір жолы» компаниясы толыққанды транзиттік-логистикалық корпорация болып қайта құрылады.

Жол құрылысын қатаң бақылауға алу керек

Автожол құрылысына, әсіресе жергілікті жолдардың сапасына да ерекше мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр- деді президент. Бұған себеп – жемқорлық. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сатып алу жүйесін жаңарту қажет деді. Яғни енді тауарлар мен қызметтердің бағасына емес, сапасына мән берілмек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір көптеген жоба кейбір кәсіпкерлер мен шенеуніктердің майшелпегіне айналды.Келісім-шарттар ашық және конкурстық негізде жасалуға тиіс. Осы мақсатта тиісті заң қабылдау қажет.

Жыл соңына дейін 5 млн га жер қайтарылмақ

Қазір бос жатқан және заңсыз берілген үш млн га-ға жуық жер қайтарылды. Жыл соңына дейін оны 5 млн-ға жеткізу міндеті тұр. Оның біразы жайылымдық жер, біразы егін егіп, өнім аламын дейтін кәсіпкерлерге берілуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жері жоқ адам бизнеспен айналыса алмайды. Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс. Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс.

Президенттің жер жыртып, еңбек етемін дегендерге телімді үлестіру керек деуі бекер емес. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту – негізгі мәселелердің бірі дейді. Тіпті жердің құнары, су ресурстары мен суару жүйесі жайлы дұрыс мәлімет жоқ. Озық технология тапшы. Енді субсидия көлемін арттырып, пилоттық жобаларды қолдауды күшейту керек. Бірақ қаржының қайтарымы болуы тиіс. Ол үшін субсидиялаудың ұзақ мерзімді жаңа тәсілі жасылмақ. Бұдан бөлек, су тапшылығы мәселесін де шұғыл қолға алу маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек.

Бәсекелес ортаны дамытып, мемлекеттің экономикаға араласуын азайту да кезек күттірмейтін мәселе. Сондықтан табысынан шығыны көп компанияларды жекешелендіру жалғасады. Ендігі кезек Самұрық-Қазынада. Ұлттық компания активтері халықтық IPO-ға шығарылмақ. Әрі тариф саясатына араласу да азайып, монополистермен күрес күшейеді. Геологиялық барлау жұмыстары жанданып, инвесторларды тартуға басымдық бірілмек.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу