«Balapan» телеарнасы жаңа маусымда «Білім бәйгесі» зияткерлік мегажобасын ұсынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Balapan» телеарнасы жаңа маусымда «Білім бәйгесі» зияткерлік мегажобасын ұсынады

01.09.2022
«Balapan» телеарнасы жаңа маусымда «Білім бәйгесі» зияткерлік мегажобасын ұсынады

«Balapan» телеарнасы Балалар жылы аясында кішкентай көрермендерін ерекше базарлықтармен қуантып келеді. Ал қыркүйек айынан бастап оқу-ағарту, танымдық, ойын-сауық, музыкалық және спорт тақырыбына арналған жаңа жобалар легі эфирге шығады.

Көрерменнің зейінін ашуға бағытталған «Білім бәйгесі» зияткерлік телесайысы – жаңа телемаусымдағы басты жобалардың бірі. Бұл додаға қатысуға еліміздің 9 аймағынан мыңнан астам өтініш келіп түсті. Қатысушылар негізінен 7-8 жасар оқушылар.

«Білім бәйгесінің» бірінші кезеңі тестілеу түрінде өтті. Ал екінші айналымда балалар әңгімелесу форматында ауызша сынақ тапсырды. Арнайы құрылған комиссия үміткерлердің білім деңгейіне, логикалық ойлау қабілетіне, зеректігі мен өзін еркін ұстай алуына мән берді. Бастапқы екі сынның нәтижесі бойынша 104 оқушы телесайысқа жолдама алды.

Кішкентай «шабандоздардың» білім бәйгесі 4 қыркүйектен бастап әр жексенбі күні «Balapan» телеарнасынан көрсетіледі. Апта сайын 8 оқушы 5 кезең бойынша сайысқа түседі. Сарапшылар әр баланың дұрыс жауабын, жылдамдығы мен есепке ептілігін ескере отырып баға береді. Көп ұпай жинаған қатысушы келесі айналымға өтеді.

Апталық, айлық ойыннан оқ бойы озық шыққан 4 баланың арасында жеңімпазды анықтайтын шешуші сайыс өтеді. Бар кезеңнен өтіп, жеңімпаз атанған балаға 500 000 теңге және ең үздік топқа 500 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық беріледі. Жеңімпаздарға тағайындалған жалпы жүлде қоры – 1 000 000 теңге. Ақшалай жүлде демеушілер есебінен беріледі. Бұдан бөлек, барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар мен кітаптар тарту етіледі.

«Білім бәйгесі» зияткерлік телешоуында мектеп бағдарламасынан тыс салт-дәстүр, жер-су аттары, спорт түрлері, логикалық есептерге негізделген сұрақтар қойылады. Әр тапсырма балалардың жас ерекшелігіне сай дайындалған. Жоба мақсаты – білімді культке айналдырып, озаттарды өзгелерге үлгі ету және балаларды оқуға ынталандыру.


Хабарламаларға жазылу