Конституция күнінде Жетісу облысының үш ауылына газ берілді. Аймақ екіге бөлінгеннен кейін Жетісу өңірінің газбен қамтылу көрсеткіші төмендеп қалған еді. Қазір облыста 192 ауылдың тек 19-ы өркениет игілігіне қосылған. Бұл олқылықты түзету үшін 2026 жылға дейін кешенді жоспар құрылды.
Бұл Ескелді ауданына қарасты Өрқусақ ауылы тұрғындарының қуанышты сәті. Көгілдір отын келіп, көмір алу, пеш жағу мен күл шығару машақаты артта қалды дейді олар. 400-ге жуық тұрғыны бар, 100-ден астам шаңыраққа табиғи газ тартылды. Ауылдағы ағайынға газ кіргізу құнын 10 айға бөліп төлеу мүмкіндігі берілді.
Нұрлан Тәліп, ауыл тұрғыны:
Ауылымызға бүгін газ келіп, қуаныштамыз. Отын жаққаннан, көмір жаққаннан азат болдық. Өте жақсы болды. Көгілдір отын жақсы. Қолымызды ыстық суға малып отыратын болдық.
Талдықорған қаласына қарасты Пригородное және 3-ші бөлімше тұрғындары да бұдан былай табиғи газ пайдаланады. Бұл екі ауылда шамамен 2 мыңдай халық бар. Жалпы Жетісу облысында жыл соңына дейін 14 елдімекенге көгілдір отын кіреді. Келер жылы тағы 20 ауылға газ тарту жоспарланып отыр. 26 -сының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр.
Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:
2025 жылға дейін Сарыөзектен бастап, Талдықорғанның орталығындағы үш аудан, олар Көксу, Қаратал, Ескелді, Текелі қаласы және Сарыөзек. Бұл Жетісу облысы тұрғындарының ауыл санының 53 пайызы.
Ата заңымыздың төл мерекесіне орай Талдықорған атшбарында Аламан бәйге мен қазақ күресінен ашық чемпионат ұйымдастырылды. 41 шақырымдық аламанға 50 сәйгүлік қатысса, еліміздің әр аймағынан келген 20 палуан өзара мықтыны анықтады.
Қуаныш Қанатұлы