Электросамокат тебетіндерге жауапкершілік артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Электросамокат тебетіндерге жауапкершілік артады

25.08.2022

Алматыда электросамокаттың кесірінен оқыс оқиғалар 4 есеге көбейген. Жергілікті билік апатты жағдаймен күресу үшін көліктің бұл түрін автомобильдермен теңестірмек. Осылайша, жүргізушілерге жауапкершілік жүктеледі. Жалпы, қалада самокат тебудің мәдениеті қалыптасқан ба? 

Алматыда электросамокатпен күніне 130 мыңдай қозғалыс болады. Жыл басынан бері қалада самокат, скутер сынды микромобильді көліктердің қатысуымен 77 жол апаты тіркелген. Салдарынан 81 адам жарақат алып, бір әйел көз жұмды. Тұрғындардың бұл көлік түріне қатысты шағымы көп. Әсіресе, оқыс оқиғаларға әкелетін қауіптілігіне алаңдайды.

Алматы полициясы электросамокаттар автомобильдерге теңестірілетінін хабарлады. Енді жол жүру ережесін өрескел бұзғаны үшін самокат мінгендерге әкімшілік айппұл салынбақ. Заңнама толық өзгертілгенде, олардан жүргізуші куәлігі де талап етіледі.

Ал қаладағы бір ғана - №7 ауруханаға ай сайын самокат қағып кеткен немесе құлап, жазым болған 40 науқас түседі. Нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Ильдар Құрмаев бұл көрсеткіш жыл сайын артып келе жатқанын айтады.

Эльдар Құрмаев, Қалалық №7 аурухананың бөлім басшысы:

Самокаттан құлап, немесе осы көлік құралынан зардап шеккен науқастардың жас шамасы 18-ден 72-ге дейін. Көбінде үлкен кісілер ауыр жарақат алады. Мысалы, осыдан үш күн бұрын самкат айдаушы қағып кеткен науқасты ауруханадан шығардық. Бас-сүйек жарақатын алып, миына қан құйылған. Иық сүйегін сындырған. Енді оған мүгедектік беру де қарастырылып отыр.

Ал экологиялық көлік бірлестігінің жетекшісі Әнуар Жүсіповтің пікірінше, микромобильді көліктердің тиімді тұсы басым. Тек жол ережелерін қатаң ескерсе. Өйткені, аталмыш транспорттың арқасында шаһарда кептеліс 30-40 пайызға азайған. Бұл - экология үшін де пайдалы.

Әнуар Жүсіпов, Экологиялық көлік бірлестігінің жетекшісі:

Микромобильді көліктің рөлі мен маңызы дұрыс бағаланбайды. Мәселен, жалға берілетін самокаттармен күніне 70 мың адам жүреді. Ал енді ол адамдар көлікке мінді деңізші. Қала кептелістен көз ашпайтын болады, ауа ластанады.

Бұл ретте, қалада электрлі самокатты тебуді үйрететін мектеп ашылды. Мұнда кәмелет жасына толған барлық азаматқа самокатты қауіпсіз және дұрыс пайдалану тегін үйретіледі.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу