Ауаны ластағандарға жауапкершілік күшейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауаны ластағандарға жауапкершілік күшейеді

17.10.2019

Ауаны ластайтын ірі өндіріс ошақтарына жауапкершілік күшейеді. Бүгін Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов жаңа экологиялық кодекске енгізілетін өзгерістерді айтты. Оның сөзінше, құжатты әзірлеуде экологиялық реттеудің халықаралық тәжірибесі ескерілген. Сөйтіп құжатқа тек, ірі кәсіпорындарға қолданылатын «ластаушы төлейді» қағидаты енгізіледі. 

Себебі бұған дейін ірілі-ұсақты кәсіпорындардың экологияға келтірген залалының көлеміне қарамастан барлығына бірдей тәртіп жүргізілетін. Ал жаңа кодекстегі талаптар алдымен бірінші санаттағы өндіріс ошақтарына күшеймек. Яғни, ауаға зиянды заттардың 80% шығарып отырған ең ірі ластаушы кәсіпорындарға айыппұл көлемі едәуір артады. Айта өтейік, Экологиялық кодекстің жобасы биыл желтоқсан айында Парламент қарауына енгізіліп, сәтін салса, 2021 жылы күшіне енеді.

Ахметжан Пірімқұлов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі:

Республика бойынша 2 мыңға жуық бірінші санаттағы кәсіпорын бар. Егер кәсіпорындар экологиялық кодексті бұзса, міндетті түрде айппұл салынады. Айыппұлды үлкейтуіміз керек. Ол - уақыттың талабы. 

Армангүл Тоқтамұрат


Хабарламаларға жазылу