Ақтөбеліктер наразы: 8 мың халқы бар ауылға – бір мектеп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеліктер наразы: 8 мың халқы бар ауылға – бір мектеп

25.08.2022

8 мың тұрғынға бір мектеп! Ақтөбенің іргесіндегі «Жібек жолы» елдімекенінің тұрғындары мектеп жасындағы балаларын қаланың әр ауданына тасымалдауға мәжбүр. Ал, әкімдіктің жаңа білім ордасын салып беру жөніндегі уәдесі 10 жылдан бері орындалмай келеді. Ең сорақысы, жаңа мектеп салынуы тиіс жер сатылып жатыр деген де күдік бар.

Елдімекен бұған дейін «Заречный-3» деп аталған. Жуырда ғана «Жібек жолы» болып өзгерді. Мұндағы жер учаскелері 5 пен10 миллион теңге аралығында. Тұрғындар әкімдік өкілдерінің бұл аумақты қалайша май шелпекке айналдырғанын біле алмай дал. Өйткені, бірнеше жыл бұрын шенділер келіп, білім беру нысанының дәл осы араға салынатынын айтқан.

Базаргүл Аманжолова, ауыл тұрғыны:

Фундамент құйылды, әне, үй салынды. Міне, қатарласып кетіп бара жатыр. Бәрінде «Участок продам» деп тұр. Негізі 2005-те территорияны қараған кезде мына жерде мектеп бар. Сметаны көрсетті ғой, 2005-те жерді алғанда.

Бұл ауылда 600 балаға шақталған жалғыз ғана мектеп бар. Онда 1100 оқушы білім алады. Ал, оқу ордасына сыймаған және тым жырақта тұратын балалары амалсыздан қаланың басқа аудандарына қатынап оқуға мәжбүр. Мұндай оқушылардың нақты санын білім бөліміндегілер де білмейтін болып шықты. Оларды тасымалдайтын автобус бар, бірақ ол жауынды күндері жүрмей қалады.

Нағашыбай Юсупов, ауыл тұрғыны:

Ана мектепке барсақ ол 50-інші мектеп толық, анау,ол да толық. Енді қай жаққа алып барады? Қалаға тасиды! Мына өтетін жол жоқ, авария кілең! Я светафор жоқ, я дұрыс асфальт жоқ. Мына жерде мүлдем асфальт жоқ. Автобус келмейді.

Тұрғындардың сөзінше ауыл іргесінен өтетін оңтүстік айналма жолы да үлкен мәселе тудырып отыр. Себебі, көрші елдімекендердегі мектептерге баратын балалар осы жолмен өтуі керек. Ол аса қауіпті. Ал, әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл жерге мектеп салу мәселесі тек 2-3 жылдан кейін ғана қарастырылады.

Бақұзақ Дарин, Алматы ауданы әкімінің міндетін атқарушы:

Орта мектеп құрылысы 25-інші жылдан кейін салынатын болып жоспарлануда. Оған жобалық-сметалық құжаттама жасалған жоқ. Жер дайын, ешқандай берілген жоқ. Мектеп салынар кезде сол жерге салады деп сендіріп отыр.

Тұрғындар мектеп салынуы тиіс аумақтан сатылып жатқан жер учаскелерінің 4-5-еуі бір адамға тиесілі екенін білдік деп отыр. Сондықтан мән-жәйді анықтап, тексеріс жүргізу үшін прокуратураға арыз дайындап жатыр.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу