БҰҰ: Ресей атом станциясынан әскерін шығаруы керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҰҰ: Ресей атом станциясынан әскерін шығаруы керек

24.08.2022

Ресей мен Украина Запорожье атом электр станциясын демилитаризациялауға келісуі керек. БҰҰ тараптарды нысан маңында әскери операциялар жүргізбеуге шақырды. Осылайша Европадағы ең үлкен атом станциядағы қауіпсіздік мәселесі БҰҰ-ның деңгейінде талқыланды. 

Запорожье атом электр станциясындағы жағдай қазір әлемді алаңдатып отырған негізгі мәселенің бірі. Біріккен Ұлттар Ұйымы қауіпсіздік кеңесінің бұған қатысты екі аптаның ішінде екінші отырыс өткізгені де содан. Ресей тарапы Украина сарбаздары станция маңын күн сайын атқылап жатыр десе, Украина билігі керісінше, Ресейді нысан аумағын әскери базаға айналдырды деп айыптады.

Ричард Миллс, АҚШ БҰҰ-дағы елшісінің орынбасары:

Неге ядролық нысанды ресейлік күштер соғыс алаңы ретінде пайдаланады? Бұл сұрақтарға тек президент Путин ғана жауап бере алады. Ресей себепсіз, негізсіз соғысын тоқтатып, әскерлерін шығаруы керек. Бұл нысан қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тұрақты жұмысын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

МАГАТЭ делегациясы жақын күндері атом электр станциясын тексеру үшін барады. Ресей бұған қарсылық білдірмеген. Десе де әлі нақты келісім жоқ.

Розмари Дикарло, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары:

Нысан кез келген әскери операцияның бөлігі ретінде пайдаланылмауы керек және аймақты қорғау үшін қауіпсіз демилитаризация периметрі туралы келісімге қол жеткізу керек. Келісім Запорожьені таза азаматтық инфрақұрылым ретінде қалпына келтіру және аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл қажет.

Украина тұтынатын энергияның бестен бірін өндіріп отырған Еуропадағы ең ірі атом электр станциясын Ресей әскері наурыз айында басып алған. Егер станциядағы энергоблоктардың бірі жарылса, оның салдары Чернобыльден бірнеше есе ауыр болмақ әрі бүкіл Еуропа зардап шегуі мүмкін.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу