Президент жұмыс сапарымен Сочи қаласына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент жұмыс сапарымен Сочи қаласына барды

19.08.2022

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Сочи қаласына барды. Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізді. Кездесуде мемлекет басшылары Қазақстан-Ресей стратегиялық әріптестігінің өзекті мәселелерін жан-жақты талқылады.

Кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда өнеркәсіп, энергетика, мұнай-химия және басқа да салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері қарастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Шын мәнінде, Қазақстан мен Ресей арасында стратегиялық серіктестік негізіндегі қарым-қатынас орнаған. Биыл біз дипломатиялық қарым-қатынас орнатудың өте маңызды датасын атап өтіп жатырмыз. Осыдан 30 жыл бұрын достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қойылды. 2013 жылы осы шарт елдеріміз арасындағы одақтастық қатынастар туралы сіз қол қойған жаңа құжатпен толықтырылды. Сондықтан қалыптасқан негіз өте жақсы.

Мемлекет басшысының айтуынша, сауда динамикасы дұрыс жағынан дамып жатыр. Былтыр сауда көлемі 24,5 миллиард долларды құрады. Президент бұл көрсеткішпен Ресей біздің тауар айналымымызда бірінші орында тұрғанын айтты. Мемлекет басшысы қазіргі геосаяси жағдайдағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелеріне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Геосаяси жағдайдың ерекшелігі үкіметтерімізге қосымша нұсқаулар беру үшін келісіп алу қажет екенін көрсетіп отыр. Олар бір-бірімен табысты қызмет етіп келеді. Дегенмен өмірдің өзі жаңа міндеттер қояды және олар шешуді қажет етеді. Жалпы, біздің ынтымақтастығымыздың дамып келе жатқанына қанағаттануға толық негіз бар. Мен бұл тұрғыда сізбен келісемін. Бізді ортақ шекара біріктіреді. Ол – әлемдегі ең ұзын, құрлықтағы толығымен делимитацияланған шекара. Біздің ынтымақтастығымыздың болашағына қатысты пессимистік болжамдар жасауға, әрине, негіз жоқ! Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретінде барлық салалардағы екіжақты ынтымақтастығымызға қосымша серпін беруге ниеттімін.

Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа шақыруын қабыл алып, Сочиге келгеніне алғысын білдірді.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
Шақыруымды қабыл алғаныңызға рахмет. Біз қазан айында дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығын атап өтеміз. Осы датаға орай түрлі іс-шаралар жоспарланып отыр. Біздің министрліктер мен ведомстволар белсенді жұмыс істеп жатыр. Үкіметаралық комиссия қарқынды жұмыс істеп келеді. Тауар айналымы өсіп келеді. Былтыр 34,4 пайызға өссе, биыл бес айда 9 пайызға дерлік, 8,8 пайызға өсті. Жалпы, жұмыс барлық бағыттар бойынша айтарлықтай қарқынды әрі оң бағытта жүріп жатыр. Біздің кездесуіміз, әрине, біздің сенімді стратегиялық серіктестігімізді дамытуға қосымша серпін беретініне өте қуаныштымын.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу