Бүгін Ауғанстанда «Талибан» қозғалысы билікке келгеніне 1 жыл толуын атап өтіп жатыр. Елде бұрынғыға қарағанда атыс-жарылыс, шабуылдар бәсеңдегенімен, экономикалық дағдарыс тереңдеп кеткен. Бұған тәліптер үкіметін халықаралық қауымдастықтың мойындамай, қаржылай көмекті тоқтатуы себеп болды. Жаңа билік ауған әйелдерінің білім алуы мен жұмыс істеуін шектегені үшін изоляцияға ұшырап отыр. Бүгінде Ауғанстанда 25 миллиондай адам кедейшілікте өмір сүріп жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының есебінше, биыл 900 мыңдай ауғандық жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұған қоса елде қуаңшылық белең алып, миллиондаған адамға ашаршылық қаупі төнді.