Әлемдегі ең ұзақ марафон қашықтықтарының бірі, АҚШ-тағы Каталина бұғазын тоқтамастан жүзіп өткен Әнел Сыдықова Оралға оралды. Үш дүркін «Темір ханшайымын» жерлестері зор қуанышпен қарсы алды.
Әнел Әлібекқызы 34 шақырымдық Каталина бұғазын 18 сағат 19 минутта жүзіп өтіп, өз рекордын жаңартты. Суық суда әрі ағысқа қарсы жүзуге тура келген. Бұғазда адамның кит, дельфин, тіпті акуламен де кездесіп қалуы мүмкін.
Осы қиындықтардың бәрінен қорықпай, Каталина бұғазын кесіп өткен Әнел Сытдықова қазақстандық тұңғыш жүзгіш атанды. Бұған дейін ол 34 шақырымдық Ла-Манш бұғазын 15 сағат 15 минутта және биыл Манхеттендегі 20 көпірді айналып, 48 шақырым қашықтықты бағындырған. Әлемдегі ең беделді осы үш марафоннан өткен спортшыларға «Үш тәждің ханшайымы» атағы беріліп, Triple Crown клубының мүшелігіне қабылданады.
Әнел Сытдықова, спортшы:
Жүзу кезінде қайықта 13 адам бірге жүрді. Екі тәуелсіз бақылаушы суда жүзудің барлық мәліметін жазып, ережелердің сақталуын қадағалап отырды. Қайыққа қол тигізуге болмайды және су костюмін пайдалануға тыйым салынған. Екі төреші үш сағат сайын ауысады. Оңай болмады. Бірақ күндіз-түні дайындалдым. Тәжірибем де бар. Қуаныштымын.
Ардақ Мұратқызы