Батыс Қазақстанда ұсталған екі күдікті 20 жылға сотталуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда ұсталған екі күдікті 20 жылға сотталуы мүмкін

08.08.2022

Батыс Қазақстанда кәсіпкерді өлтірді деген күдікке ілініп, ұсталған екеудің кінәсі дәлелденсе 20 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұған дейін 31 жастағы Руслан Қожантаев пен 21 жастағы Амангелді Тұрланға іздеу жарияланған еді. Олар шаһардағы орталық саябақ маңындағы дәмханада бизнес иесін өлтіріп, оқиға орнынан жылдам ізін суытқан. Бұл іске облыстық Полиция басқармасының барлық күштік құрылымы мен Ұлттық ұлан сарбаздары жұмылдырылды. Күдіктілер «Көктем» саяжайында қолға түсті. Олар қашуға әрекеттенген, алайда, қарсылықсыз берілді. Екеуі де бұрын сотталмаған. Айта кетейік, кісі қолынан қаза тапқан 49 жастағы кәсіпкер Ерлан Мұқанғалиев - бірнеше мейрамхананың иесі. Оның артында жары мен үш баласы қалды.

Жасұлан Жаншин, облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары:

Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігіне қайта сараланды. Онда 20 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыру түрінде туралы жаза көзделеді. Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде. Аталған қылмыстық іс ҚР Ішкі істер министрлігінің бақылауында.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу