Биыл қуғын-сүргін жылдары атамекеннен ауған қазақтардың Түркияға табан тірегеніне 70 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл қуғын-сүргін жылдары атамекеннен ауған қазақтардың Түркияға табан тірегеніне 70 жыл

29.07.2022

Биыл қуғын- сүргін жылдары атамекеннен ауған қазақтардың Түркияға табан тірегеніне тура 70 жыл. Арада осынша уақыт өткенімен сол қаралы көштің халық жадында қалдырған ізі әлі өшкен жоқ. Қазақ тарихының сол бір қиын жылдары қанша зерттеліп, талай кітап жазылғанымен, әлі де жарыққа шықпаған, белгісіз дүние көп. Алтайдан көшкен қалың қазақтың тағдырын қаз-қалпында өлеңмен жеткізген ақын Зейнел Сүрмелінің қолжазбалары жақында ғана Қазақстан мұрағатына табысталды.

Бұл Зейнел ақынның өмірінің соңғы жылдары өз даусымен таспаға түсірген өлеңі. 20-шы ғасыр басында Алтайда туып, тағдыр талайымен Анадолы асқанда Зейнел Сүрмелі 25 жаста екен. Әкесі Гималай асып келе жатып бір қарулы қақтығыста көз алдында қаза табады. Түркияға көшіп келген соң шиеттей бала-шағасын тері өңдеу кәсібімен асыраған. Мыңдаған шақырым азапты жолда басынан кешкендерін балаларына айтпай тек ақ қағазға өлең қылып төге беріпті.

Махмұд Сүрмелі, З.Сүрмелінің ұлы, Ыстамбұл қаласында тұратын қазақ:

Әкем 80-жылдары туған жеріне Баркөлге барып, сол жерде алты айдай туған-туыстарын аралап жүрді. Содан Түркияға қайтып келген соң өлең жаза бастады. Өзі жуас, момын адам болатын. Бізге ешқандай өлеңдерін оқымайтын. Оның үстіне араб әріптерімен жазғандықтан бізде оқи алмайтынбыз. Мен Германиядан бір магнитофон әкеп бергенмін. Соған өз даусымен өлеңдерін жазып отыратын. Бар қазақтарға көп-көп сәлем айтам!

Ақынның көзі тірісінде өз даусымен оқыған өлеңдері жазылған үнтаспалар көшіп қонып жүргенде жоғалды дейді ұлы Махмұд аға. Дегенмен әкесінің қолжазбалары мен әлемнің әр түкпірінен алған хаттарын көзінің қарашығындай сақтап келген. Ыстамбұлда тұратын белгілі профессор Әбдіуақап Қараның бастамасымен араб әліпбиімен жазылған құнды дүниелер Қазақстандағы қолжазбалар орталығына табысталды.

Жандос Болдықов, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры:

Өлеңдері жақсы нағыз қазақ еліне деген жеріне деген сағынышы. 42 беттен құралған өлеңдер жинағын алып келдік. Қазір тең жартысын аударма жұмыстары басталды. Оның негізгі тілі тқте жазу болды. Мамандар қазір аударып заманауи форматқа ауыстырып цифровизация жасаймыз. Өлеңдер жинағын жасаймыз. Сосын қыркүйек қазан қараша айларында жақсы бір конференция дөңгелек үстел өткіземіз.

Зейнел Сүрмелінің жары 90-нан асқан Ханифа апа отағасын әлі де құрметпен еске алады. Адалдықты ту еткен пейілі кең азамат еді дейді.

Ханифе Сүрмелі, Зейнел Сүрмелінің жұбайы:

Жақсы адам еді менің адамым. Жас болдық қадірін білмедік. Қазақстанға барып келіп жүрді қыдырып барып келді, одан соң көшем кетем деп тоқтамады. Біз де кетпей қойдық. Танымаған білмеген жерге деп. Қазақша тіл де білмейміз. Ағайын туыстың бәрі осы жерде деп бала шағалар. Бұл кісі кетем деп көп неғылды.

Бүгінде Зейнел Сүрмелінің ұрпақтары әлемнің әр түкпірінде тұрады. Бір ұлы Ыстамбұлда, бір баласы Парижде енді бір қызы Америка асқан. Дегенмен барлығы да қазақ тарихының тар жол тайғақ кешу кезеңін өлеңмен жеткізіп кеткен әкелерінің аманатына адалдық танытып, қайда жүрсе де қазақ екендіктерін ұмытқан емес.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу