Түркістан облысында «Орталық» қосалқы станциясы пайдалануға берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында «Орталық» қосалқы станциясы пайдалануға берілді

29.07.2022

«Kegoc» компаниясының бұл жобасы Түркістан облысында алғаш рет жүзеге асып отыр. Қуаттылығы 220 киловольт болатын энергокешенді «Kegoc» АҚ өз қаражатына салды. Бүгін ресми ашылған «Орталық» жаңа қосалқы станциясын өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев пен «Kegoc» АҚ басқарма төрағасы Қаныш Молдабаев іске қосты.

Жобаның жалпы құны 9 млрд 93 млн теңге. Жаңа нысан Түркістан облысында қуат көзін тұтынушылар санының өсуіне және келешекте жаңадан салынатын өндіріс орындарын электрмен қамту мақсатында салынған.

Қаныш Молдабаев, «Kegoc» АҚ басқарма төрағасы:

Мәселен қазір Түркістан қаласы тәулігіне 50-60 меговатт пайдаланады. Осы станцияны іске қосу арқылы бұл сұранысты үш есеге арттыруға болады. Сондай-ақ, Түркістанда жаңа ғимараттармен қатар өндіріс нысандары немесе кәсіпорындар ашылып жатса да қажетті электр энергиясын бере аламыз.

Мамандар қосалқы станцияда басқару пункті, өрт сөндіру сорғы станциясы, қосалқы ғимараттар мен көлік тұрағы орналасқанын айтады. Он адам жұмыспен қамтылған. Бастысы жаңа электр станциясын салуға кеткен құрылыс материалының 75 пайызы отындық өнім.

Ермаханбет Атақұлов, «Kegoc» АҚ пайдалану және күрделі құрылыс жөніндегі басқарушы директоры:

Осыдан 5-6 жыл бұрын осындай автотрансформаторларды біз Ресей, Украина, Қытайдан сатып алатынбыз. Қазір құдайға шүкір, темір, бетон, кабель өнімдері Қазақстанда шығарылады. Қондырылған екі автотрансформатор Шымкенттегі «Asia Trafo» зауытының өнімдерін қазір қолданып отырмыз.

Станцияда озық технологиялар қолданылған. Келешекте осы станция арқылы Түркістан қаласы мен Сауран ауданының 300 мыңнан астам тұрғыны, шағын және орта бизнес және әлеуметтік нысандар сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етіледі.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу