Қызылорда облысында шаруалар мал азығына берілетін субсидяға қол жеткізе алмай отыр. Жергілікті әкімдік биыл төрт-түліктің жем-шөбіне қаржы қарастырмаған. Былтыр қуаңшылықта біраз тұяғынан айрылып, мал басын әзер сақтап қалған кәсіпкерлер әлі де мемлекеттен қолдау күтеді.
Осы кезге дейін малшылар мемлекеттен азын-аулақ ақша алып, жем-шөбін толықтырып келсе, биыл облыста субсидиялау тоқтап қалған. Ал солтүстік аудандарда әлі де жем-шөптің қоры жеткіліксіз. Сырттан сатып әкелуге шағын қожалықтардың мүмкіндігі жете бермейді.
Бейбітшілік Толыбаев, «Боранбай» шаруа қожалығының төрағасы:
Біздің жерімізде күн ыстық. Содан малдың өлімі көп. Біз енді ИЖС-ға тіркеп қойған малдарымыздың басын азайтпау үшін субсидия алып, соған жем-шөп алып, соларды толықтырумен әлекпіз. Оның үстіне енді бермейміз деп жатыр. Одан қалай енді мал көбейеді қазір?
Жалпы шаруалар алты айдан бері осы мәселені көтеріп келеді. Бірақ, жұртшылық қанша шырылдағанымен оны еститін әкімдік жоқ. Салаға жауапты басшылар мал азығына берілетін субсиядаға қаржы бөлу мәселесі облыстық мәсилхатта мүлдем қаралмағанын айтып отыр.
Талғат Дүйсебаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
Субсидия бөлінеді бюджеттің мүмкіншілігіне қарай! Мынау бар екен бөлінсін деген заңда жоқ. Қазіргі таңда оны бөлуге бюджеттің мүмкіншілігі болып тұрған жоқ. Сондықтан бекітілген бюджетте жеп-шөпке қаржы қаралмаған.
Былтырғы қуаңшылықта төрт-түлік жаппай қырылып, біраз шығынға ұшыраған шаруашылықтар әлі де қолда бар малын көбейту емес, сақтап қалудың қамын ойлап жүр. Биыл да жағдай мәз емес. Қажетті жем-шөп қорын жинап алмасақ, малды қыстан алып шығу қиынға соғайын деп тұр дейді шаруалар.
Әділбек Серікұлы