Сыр өңірінде шаруалар жем-шөпке берілетін субсидияны ала алмай келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр өңірінде шаруалар жем-шөпке берілетін субсидияны ала алмай келеді

23.06.2021

Сыр өңірінде мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар екі жылдан бері жем-шөпке берілетін субсидияны ала алмай келеді. Былтыр мал азығына берілуі тиіс 397 миллион теңге төленбей қалған. Биыл тіпті 3 миллиардтың үстінде қаржы бөлінуі қажет. Бірақ, бұл мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай отыр.

Ашынған бір топ шаруа облыс әкімдігінің ғимаратына жиналды. Малшылар шығынға батып, көбінің кәсібі құрдымға кетудің алдында тұр. Өйткені, нарықта жоңышқаның бағасы шарықтап кеткен. Бүгінде бір бума шөп мың теңгеден сатылуда.

Нұрлан Биманов, шаруа қожалығының төрағасы: 
Бір жылға 15 мың теңге. Оны бір айға бөліңіз 1100 теңге. Сонда диетада отырған малдар ғой бәрі. Қазір жем жоқ, шөп жоқ дұрыс шықпай жатыр. Сол мұңымызды, зарымызда айтайын деп келіп тұрмыз. Бірақ, бізді тыңдайтын адам болмай тұр.

Жергілікті билікке базынасын айтуға келген қожалық иелерін күзетшілер әкімдік қоршауынан әрі асырмады. Аптап ыстықта бір сағат бойы далада күткен топқа салаға жауапты маман бір өзі шықты. Оның айтуынша, былтырғы 397 миллион теңге берешек осы айдың ішінде төленбек. Ал биыл жем-шөпке бөлінетін қаржы әлі күн тәртібінде қаралмағанын жеткізді.

Арыстан Омаров, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы: 
Биылғы жылдың мәселесі енді қаралады. Ертең 15-де сессия болады. Қосымша қаржы сұрап отырмыз. Сол қаржы бөлінген жағдайда, қыркүйектен бастап, өзі өтінім сол кезден қабылданады. Сол кезде тіркелген малдарыңызға субсидия бөлінеді. Алдымен қарызымызды шешіп алуымыз керек.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу