Елордадағы газ толтыру станцияларының бірі өртенді. Апат кезінде бірнеше адам зардап шекті.
Асылбек Данияр, тілші:
Оқыс оқиға қаланың сырт жағында болды. Өртенген ғимарат газ толтыру станциясының аумағында орналасқан. Мұнда жиһаз жасайтын кәсіпорын орналасқан екен. Байқап тұрғанымыздай, осы аумақтағы барлық ғимарат бір-біріне өте жақын орналасқан. Өрт толық сөнгенімен, әлі бықсып жатыр. Төтенше жағдай қызметкерлері де осы жерде. Зардап шеккен цехтің жұмысшылары кеше кешкісін сағат алтылардың шамасында газдың иісі шыққанын айтады. Ғимараттың астында газ цистернасы болған көрінеді. Өрттің нақты неден шыққаны белгісіз. Қызыл жалын түнгі ондардың шамасында тұтанған. Төтенше жағдай мамандары бір қабатты цехтің және жанындағы ғимараттың жанып жатқанын байқаған. Өрт сөндірушілер отты сағат 00:05-те толық сөндірген.
Төрт адам зардап шеккен. Олар №1 қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізілген. 25 жастағы жігіттің денесін күйік шалған. Ал қалған үш жұмысшының жағдайы ауыр. Оларды 3-ші дәрежелі күйік шалған.