Атыраудағы Теңіз мұнай кенішіндегі жұмысшылар тамақтан уланған асханада санитарлық талаптардың бұзылғаны анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраудағы Теңіз мұнай кенішіндегі жұмысшылар тамақтан уланған асханада санитарлық талаптардың бұзылғаны анықталды

21.07.2022

Атыраудағы Теңіз мұнай кенішіндегі жұмысшылар тамақтан уланған асханада санитарлық талаптардың бұзылғаны анықталды. Қазір ауқаттану нысаны уақытша жабылды. Тексеру жүргізіліп жатыр. Бастапқыда 33 қызметкер дәрігердің көмегіне жүгінеді. Кейін, 11-інің денсаулығы нашарлап, Жылыой аудандық ауруханасына жатқызылады. Олардың іші ауырып, дене қызуы 38 ге дейін көтерілген, құсқан. Ақ халаттылар бұл науқастарға тағамдық токсикологиялық инфекция деген диагноз қойып отыр. 11-інің де жағдайы орташа ауыр деп бағаланды.

Әлия Бекешева, Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

Тергеу жұмысы барысында ішіндегі санитарлық норма талаптарының бұзушылықтары анықталып отыр. Ол жайлы қазіргі таңда жұмыс жүргізіліп жатыр. Тіркеу басталды прокуратура арқылы. Сондықтан әрі қарай шарасы алынады бұл жеке кәсіпкерге бұзушылықтар бойынша.

Астан уланғандардың бәрі ТШО-ға мердігер «Іскер» деген мекеменің жұмысшылары. Эпидемиолог мамандар асханадағы тәуліктік тағамдардан сынама алып, Ұлттық сараптама орталығына жіберді. Алғашқы қорытындысы 3 күнде белгілі болмақ. Жалпы асханадан кеше бір уақытта 203 адам ауқаттанған. Қалған жұмысшылардан шағым жоқ әзірге. Осыған ұқсас оқиға Теңіз кенішінде өткен жылы да болды. Ол кезде кен орнының 15 қызметкері астан уланып, ауруханаға жатып шыққан еді.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу