Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға барды

20.07.2022

Президент Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуіне қатысу үшін Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласына барды. Қасым-Жомарт Тоқаевты әуежайдан Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров, Транспорт министрі мен Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қарсы алды.

Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік кездесуі алғаш рет 2018 жылы елордада өткен. Кейін Президенттер Ташкентте, ал былтыр Түрікменбашы қаласына жиналды. Жалпы бұған дейін тараптар үш рет кездесіп, түрлі тақырыпты талқыға салды. Орталық Азия елдерін алаңдататын мәселе аз емес. Соның бірі экономиканы тек шикізатқа байламай әртараптандыру, қоршаған ортаны қорғау, су және қауіпсіздік мәселесі өткір тұр. Оның үстіне былтыр Авазада өткен жиында бес ел Достық пен тату көршілік және ынтымақтастық туралы келісімге биыл қол қоюға уағдаласқан. Ертең өтетін жиында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан көшбасшылары әлемдегі геосаяси және экономикалық ахуалға байланысты өңірлік интеграцияның перспективаларын қарастырмақ. Саммит қорытындысы бойынша бірнеше құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр.


Хабарламаларға жазылу