Қандастардың Түркияға қоныс аударғанына 70 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қандастардың Түркияға қоныс аударғанына 70 жыл

19.07.2022

Атажұрттан-Анажұртқа. Ыстамбұл қаласында осындай атаумен Алтайдан көшкен қандастарымыздың Түркияға қоныстануына 70 жыл толуына арналған ауқымды шара өтті. Қазақстан, Еуропа мен Түркия қазақтары табиғат аясында бас қосып, арқа-жарқа болды. Алыстағы ағайынның алқалы жиыны туралы Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлының материалында.

Өткен ғасырдың басында тағдыр талайымен атамекеннен ауған қазақ жолай көп құқай көріп, 70 жыл бұрын Анадолы жеріне табан тіреп дамылдады. Қаралы көштің осы елге келуіне себеп болған сол тұстағы Түркияның Премьер-министрі Аднан Мендерес еді. Сондықтан қазақтардың құрылтайы бір кездері өздеріне қамқор болған саясаткердің қабірін зиярат етіп, рухына дұға бағыштаумен басталды.

Бұдан кейін басқосу табиғат аясында жалғасты. Түркияның әр түкпірінен келген 1500 адам арнайы автобустармен қала сыртындағы орман алаңқайына жиналды. Түркиядағы қазақ қоғамдық қорлары бірлесе ұйымдастырған шараның негізгі мақсаты той тойлау емес, ой ойлау. Алыста жүрген ағайынның бірлігін бекемдеп, өткені мен бүгінін бағамдау. Қазақстан шетте жүрген қандастарымыздың мұндай бастамаларына әрдайым қолдау көрсетіп келеді.

Әлім Байел, Қазақстанның Ыстамбұлдағы Бас консулы:

Біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі осы Түркиядағы қазақтарға, қандастарға қолдау көрсету. Былтыр Ыстамбулда өткен түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та осы қазақтарға қолдау көрсеткен Түркияның бұрынғы премьер-министрі Аднан Мендереске және түркі халқына алғыс білдірген болатын. Ал биыл болса Алматы мен Түркістан қалаларында Аднан Мендерестің аты екі көшеге берілді. Жалпы біз бұл жұмыстарды жалғастыратын боламыз.

Абдуллаһ Өздемир, Ыстамбұл Бағжылар ауданының әкімі:

Осындай ерекше шара ұйымдастырған қазақ бауырларымызға алғысымды білдіремін. Ыстамбулдың Зейтінбұрны, Бағжылар, Күчүк Чекмеже сияқты бірнеше ауданында қазақтар тұрады. Олармен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Өзімнің де университеттен бері келе жатқан қазақ досым бар. Алдағы уақытта да қазақ бауырларымызбен байланысымыз нығая беретініне сенімдімін.

Түркиядағы қазақтардың дәл осылай бас қосуы көптен бері болмаған. Сондықтан бұл жиын әсіресе жастар үшін өте маңызды дейді ұйымдастырушылар.

Берекет Четин, «Қазақкент Алтай» қоғамдық қоры басшысының орынбасары:

Бұл жердегі мақсат үлкен ата апаларымызды жастарға білгізіп, олардың басын бір жерге қосып, қазақшылықты үйретіп, қазақ болғанының мәртебесін көтерейін деп отырмыз. Біз жас бір қоғамбыз 3 жыл болды құрылғанымызға жастардың басын қосайық деп олар бір біріне көмек беру үшін, танысу үшін, бұл жерде үлкен кішісін білсін, кішісі үлкенін білсін деп жасалған жоспар болатын.

Түркиядағы қазақтардың үлкені, 93 жастағы Сәнияхан апа Алтайдан шыққанда 20 жастағы жас келін екен. Жолда талай азапты бастан өткеріп, Гималай асып Анадолыға жеткенде 26 жаста ғана болыпты. Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ақжаулықты әже. Десе де өткен күннің ызғары әлі де ұмытылмайды, дейді.

Сәнияхан Зеймолдақызы, Зұқа батырдың келіні:

Үш жыл жолда жүрдік. Кашмир деген жерге келіп өкімет бағып. Өкімет азық түлік ондай мындайын беріп сол жерде үш жарым жыл Кашмир деген жерде тұрдық. Одан біздің әкеміз, үлкен аға дейміз Тәжі қайнағамыз би болған, үлкен ауыл адамы болған, сол кісі Түркияға көшеміз деп осында көшіп келдік. Түркияның Алтай көй деген жерге шығарып салған. Жер бергенде соған барамыз деп, сосын мына баладарымызды оқытамыз деп Ыстамбұлға келдік.

Осы жиынға Түркістан қаласынан арнайы келген Атамекен ұлт-аспаптар ансамблі ән-күйден шашу шашып келген қонақтардың көңілін көтерді. Ал көптен кездеспеген үлкендер көш туралы арнайы көрмені тамашалап, бір-бірімен шүйіркелесіп өткен-кеткенді еске алды. Балалар болса түрлі ойындар ойнап мәз болды. Осылайша әлемге тарыдай шашылған қазақтардың бір бөлігі Анадолы жерінде бас қосып, ағайын-туыспен қауышып, арқа-жарқа болып тарқасты.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу