Жамбыл облысындағы сел шығыны 172 миллион теңгеден асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысындағы сел шығыны 172 миллион теңгеден асты

18.07.2022

Жамбыл облысындағы бүтін бір ауылды шайған сел шығыны 172 миллион теңгеден асты. Арнайы құрылған коммисияның есебі осындай. Еске сала кетсек 23-маусым күні Қордай ауданындағы Үлкен Сұлутөр ауылында сел жүріп, тұрғындардың баспанасы бүлініп, малы қырылған еді. Қазір аудандық әкімдік шаруалардың төрт түлігін түгендеп, қираған көпірлерді қайта қалпына келтіріп жатыр. Демеушілердің көмегімен баспаналы болған отбасылар да бар.

Жұмақыз апа сол күні аулада үй шаруасымен айналысып жүрген. Отағасы екі немересімен бірге кіші үйде болған. Кенеттен гүрілдеген дауыс шығып, әп-сәтте үйдің іші-сыртын сел шайған. Ағын су ақсақал мен немерелерін ағызып бара жатқанда ауылдың жас жігіттері құтқарып қалды, дейді кейуана.

Жұмақыз Өзбекова, ауыл тұрғыны:

Жас жігіт келіп көмектесіп, ана қоршаудан ұстап қалған. Шыға алмай тұрған жерінен ауылды жас жігіті мал іздеп жүр екен соны шақырып, екі бала мен шалды алып шықты. Әйтпесе шыға алмайды.

Өңірде бірден табиғи апатқа байланысты төтенше жағдай жарияланды. Құтқарушылар шұғыл әрекет етіп, ауыл азаматтарын қауіпсіз жерге көшірді. Аймақ басшысы да ауылға арнайы келіп, мұндағы жағдайды көзімен көріп, барлық шығын мемлекет тарапынан өтелетінін айтты. Күні кеше ғана Өзбековалар отбасына демеушілердің көмегімен баспана берілді.

Жұмақыз Өзбекова, ауыл тұрғыны:

Қуаныштымы. Үй алғаныма қуаныштымын. Шалым да ауруханада жатып қуанып жатыр. Рақмет сіздерге көп көп. Аудан, облыс басшыларына үлкен алғысымды айтамын.

Комиссия мүшелері Юрий Кравецтің де үйін жарамсыз деп таныған. 700 дана түк шөбі, ауылшаруашылық техникасына арналған бөлшектері бәрі сол селдің суымен ағып кеткен. Шаруа 5 миллион теңге шығынға батыпты.

Юрий Кравец, ауыл тұрғыны:

Әкімдік қызметкерлері келіп, үйімнің қазіргі жағдайын көріп кетті. Сосын олар үй соғып берейік пе әлде қаржылай көмпек қажет пе деді. Маған ақшалай өтелсе, әрі қарай барлық мәселелерімді өзім шешіп алар едім.

Үлкен Сұлутөр ауылында 1 жарым мың тұрғын бар. Селдің салдарынан елдімекенде газ құбырлары құлап, ауыз су жүйесі тоқтап қалған болатын. Қазір бұл мәселелер толық шешілген. Шығын болған шөп пен малдың орынын толтыруға қол ұшын созып жатқан демеушілер де бар екен. Қазір тек баспана мәселесі қалып отыр дейді аудан басшылығы.

Елдос Нұралиев, Қордай ауданы әкімінің міндетін атқарушы:

Ауданның демеушілерінің қолдауымен барлық мал иелеріне қайтарылып берілді. Өтелді. Сонымен қатар, жаңағы айтып өткен ауыз су мәселесі, газ-су мәселелері бүгінгі күнге толық шешімін тапты.

Айта кетсек, маусымдағы табиғи апаттан Үлкен Сұлутөр ауылындағы 17 үйдің ауласын, 5 үйдің ішін су басты. 12 үйдің қора-жайы мен қоршаулары бүлінді. 169 қой-ешкі, 2 сиыр, 4 жылқы және құстар жоғалды. Шарбақты ауылында да мал қырылып, 2 көпір қирады. Тосыннан келген тасқын шығыны 172 миллион теңгеден асты.

Нұрдос Болатұлы


Хабарламаларға жазылу