Францияда орман өрті қаулап барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Францияда орман өрті қаулап барады

18.07.2022

Францияның оңтүстік-батысында орман өрті дес бермей жатыр. Жиронда өңірінде өткен аптадан бері 11 мың гектарға жуық аумақты от шарпыған. Бір қалашықтың 4100 тұрғыны түгелдей дерлік қауіпсіз жерге көшірілді. Жалпы өткен аптадан бері қауіпті аймақтан 16 мыңдай адам эвакуацияланған. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды ауыздықтауға тырысып бағуда.

Эрик Пито, өрт сөндіруші:

Жирондада жағдай күрделі. Себебі мұнда бір уақытта басталған екі бірдей ірі өртпен күресіп жатырмыз. Оларға жетудің өзі қиын. Өртті тез бақылауға алу үшін адам күшін, техниканы көптеп тартуға мәжбүрміз.

Ал Испанияның Каталония аймағында да орман өрті қаулап барады. Жалын 4600 гектардай аумақты күлге айналдырған. Тілсіз жау мемлекеттік табиғи қорыққа қауіп төндіріп тұр. Малага провинциясында 3 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Өрт сөндірушілер тілсіз жаумен күні-түні күресіп жатыр. Тікұшақтар да тартылған. Елде өрт өткен бейсенбіде тұтанды. Оны сөндіруге 45 градус аптап ыстық пен күшті жел кедергі келтіруде. Аптап ыстық тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіріп тұр. «Рейтердің» дерегінше, Испания мен Португалияда мыңнан астам адам қайтыс болған. Синоптиктердің болжамы да көңіл көншітпейді. Елде шіліңгір ыстық әлі де сақталады.

Жалпы Еуропаның өзге елдерінде де күн қатты ысиды деген ескерту жасалды. Британиялықтарға қолайсыз ауа райы әлден оңай соқпай тұр. Бүгін мұнда сынап бағанасы + 41 градус . Жер бетінде аптап ыстық қалыпқа айналады дейді ғалымдар. Сондықтан мамандар климаттың өзгеруіне қарсы күресті шұғыл түрде бастау керек деп дабыл қағуда.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу