Еуропада экзотикалық жануарлар қорғауға зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада экзотикалық жануарлар қорғауға зәру

09.07.2022

Еуропаның жануарларды қорғау ұйымының өкілдері жыртқыш аңдарды үйде ұстауға тиым салуды талап етуде. Себебі, соңғы кездері балалар мен ересектер арасында арыстан, жолбарыс пен қасқырдан зардап шегу оқиғалары жиілеген. Ғаламтордағы экзотикалық жануарлардың заңсыз саудасына да тосқауыл болмай тұр. Ермек үшін алып, зеріккенде қоқысқа лақтыра салатын адамдардың кесірінен былтыр қарт құрлық елдерінде сирек кезедесетін 200-ге жуық аң-құс қырылған.

Еуропалық Одақ елдерінде жыртқыш аңдарды үйде асырауға тиым салатын ортақ заң жоқ. Экзотикалық жануарларды «Африкадан, Азиядан, Оңтүстік Америкадан әкелдім»-деп мақтану, үйде бағу сәнге айналғаны содан. Париждің қақ ортасында бір емес үш қасқырмен серуендеп жүрген Сильвиенге де ешкімнің тісі батпайды. Түз тағысы көшедегі иттерді талай таласа да, адамдарға зияны жоқ-деп қожайыны шаң жуытпайды. Арыстанды пәтерінде асырап отырған румыниялық ерлі-зайыпты да көршілеріне солай деп келген. Алайда, жыртқыш үйге келген мейманға атылғанда әрең аман алып қалды.

Николас Кларк, «Eurogroup for animals» жануарларды қорғау ұйымының жабайы табиғат бөлімінің жетекшісі:

Адамдар зардап шекті, жыртқыш аңдар тұрғынды өлтірді деген оқиғалар көп тіркелуде. Бірақ жануарлардың иелері сирек жағдайда түрмеге қамалады. Көбіне айыппұлмен шектеледі. Мөлшері 2 мың мен 15 мың еуро аралығында. Жаза жеңіл болғандықтан азаматтар заңды бұза береді.

Жыртқыш жануарларды бағынбаса ұрып-соғу, ұнамаса лақтыра салу оқиғалары да жиіледі-дейді жануарларды қорғау ұйымдарының өкілдері.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Көпқабатты тұрғын үйлерде бабы болмай азап көрген аң-құстарды, бай-бағыландар зерігіп тастап кеткен экзотикалық жануарларды бельгиялық Бернард бағып отыр. Бұл тек Бельгияда ғана емес, Еуропадағы ең ірі жануарларды қорғау орталығы. 1988 жылы ашылған мекемеде қазір 500 ге жуық аң-құс бар.

Орталықтың қожайыны 72 жастағы Бернард ақсақалдың ең жақын досы ардагер аю Роксана. Оны 31 жыл бұрын өлім аузында жатқан жерінен құтқарып алған. Аяқ-қолы сынған бразиялық маймылды да Бернард бірнеше айда қалпына келтіріпті. Жан түршігерлік жағдайда жеткізілген жолбарыстардың да қазіргі жағдайы жақсы.

Бернард Доун, жануарларды қорғау орталығының басшысы, ерікті:

Мен әр жануарға тиісті орын әзірлеп, олардың еркін жүріп-тұруына жағдай жасадым. Жолбарыстарым күніне 8 келі ет жейді. Дүкендер сатылмаған еттерін маған тегін жеткізеді. Осы аң-құстарға өмірімнің 34 жылын арнадым. Осыларды күтіп-баптау үшін тағы біраз өмір сүргім келеді.

Жыртқыш жануарлар еріккеннің ермегіне айналмас үшін жаһанға ортақ заң қабылдайтын кез келді-дейді мамандар. Тар қапасқа қамалып аласұрған аңдарға қатігездік жасағандардың жазасын қатайтуды да талап етіп отыр зоологтар. Тағыны өз мекені-табиғаттан жырақтатудың соңы жақсылыққа апармайтынын әр адам түсінсе-дейді жануарларды қорғау ұйымдарының өкілдері.

Нұрсұлу Қасым, Бауыржан Дүйсенбекұлы ҚҰТ Бельгия

Хабарламаларға жазылу