Құрбан айт мерекесіне орай елордада волонтерлар көп балалы және аз қамтылған отбасылар мен мұқтаж жандарға ет таратты.
Игі іске қала әкімдігі мен «Астана жастары» ресурстық орталығы мұрындық болды. «Жоқ-жітік жандарға көмектесу сауапты іс. Осы арқылы аз да болса бір-бірімізге деген жан жылуымызды сездіріп, қолдау көрсеткіміз келеді, - дейді ұйымдастырушылар.
Игілікті іс-шарадан демеушілер де, ниет білдірген қарапайым қала тұрғындары да шет қалмады.
Аян Ерментаев, Жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы:
Мыңға жуық отбасыны ет өнімдерімен қамтамасыз ету жоспарда бар. Бұл шара бірінші рет ұйымдастырылып отырған жоқ. Соңғы 5 жылда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бір волонтер кем дегенде 3-4 отбасыға жеткізіп беретін болады.
Хабдулхамит Түкеев, қала тұрғыны:
Құрбан айттарыңыз қабыл болсын. Дендеріңіз сау болсын, көздеген мақсаттарыңа жетіңіздер. Көмек беріп жатқандарыңызға көп рахмет.