Еуропа әуежайларында мыңдаған рейс кешігуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропа әуежайларында мыңдаған рейс кешігуде

08.07.2022

Еуропада әуежайларында аласапыран. Мыңдаған рейс кейінге шегеріліп, миллиондаған адам баратын жеріне жете алмай отыр. Себебі, әуежайлар мен әуекомпанияларда жолаушыларға қызмет көрсететін маман тапшы. Штаттағы қызметкерлердің өзі жұмысты тоқтатып, ереуілді күшейткен.

Брюссель, Париж, Лондон, Мадрид Еуропаның ең ірі қалаларының әуежайларында бір аптадан бері айқай-шу, ұзын-сонар кезек. Жүк тіркейтін, қауіпсіздікті тексеретін мамандардың тапшылығынан мыңдаған адам ұшағынан қалды. Тіркеуден өтуге бес-алты сағат бұрын келгендердің рейсі кейінге шегерілді. Шетелге демалуға шыққандар қазір әуежайда ем алуға мәжбүр. Жүйкелері сыр берген.

Натали Нойен, жолаушы:

Ковид бітті, енді саяхаттаймыз деп қуанғанда бұлар бар жоспарымызды күл-талқан етті. Таңғы бестен бері сандалып жүрміз.

Мари-пуль Ренард, жолаушы:

Ұшақ ұшпайды дейді. Басқа күнге билет алайын десек бағасы удай қымбат. Әуекомпания ақшаның тек жартысын ғана қайтарамыз дейді. Бұл сұмдық қой.

Жол азабын тартып, әбден титықтаған жолаушылар сөмкелерін жастанып, әуежайда қонуда. Ал, әуекомпания ұшқыштары мен бортсеріктерінің отырысы мынау. Жұмысты тоқтатып, наразылық акциясын ұйымдастырғандардың қатарында әуежайдың өрт сөндірушілері де бар.

Этиен Эвенсон, Әуежай қызметкері:

Жалақымыз тым аз. Ал, азық-түлік, тауардың бағасы күн сайын аспандап барады. Жалақыны көтерсін, бізге адам сияқты жағдай жасасын. Әйтпесе, жұмысқа шықпаймыз.

Жол жүрудің машақаты келесі аптада тіпті көбейеді. Жаһанның біраз еліне қатынайтын Испандық лоукост компанияның қызметкерлері жұмысқа шықпай, он күн ереуілдетпек. Осыны естіген жолаушылар қазір ұшаққа алған билеттерін өткізіп, теміржол вокзалдарында сабылып жүр.

Жалпы, пандемия кезінде Еуропа авиация нарығында 191 мың қызметкер қысқартуға ұшыраған. Қазір жағдай тұрақталып, жұмысқа қайта қабылдау басталды. Бірақ, еуропалықтар жалақыны місе тұтпай отыр. Маман тапшылығының тауқіметін тартқан қарт құрлық елдері енді шетелдіктерді жұмысқа шақыруда. Жақын күндері Германия әуежайларында Түркия азаматтары қызмет көрсетуге кіріседі.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу