Жемқорлықпен күрес: Мемлекетке 430 млрд теңге қайтарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жемқорлықпен күрес: Мемлекетке 430 млрд теңге қайтарылды

08.07.2022

Мемлекетке 430 млрд теңге қайтарылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов мәлімдеді. Жыл басынан бері жемқорлыққа қатысты 1 300-ден астам қылмыс тіркелген. Әртүрлі деңгейдегі 140-тан астам лауазымды тұлға заңды белден басқан. Агенттіктің өзінде 2 қызметкер жемқорлық үшін сотталып, 5 адам жұмыстан босатылды. Ведомствоның алқа отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының қызметін бағалау мәселесі де айтылды. Агенттік төрағасының сөзінше бағалаудағы қателіктер жүйенің бұрмалануына әкеп соқтырады, қызметкерлердің алдында тұрған міндеттерді теріс қабылдауына әкелуі мүмкін дейді.

Олжас Бектенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

«Естеріңізде болар. Аумақтық департаменттерге лауазымды тұлғаларды жауапқа тартқаны үшін ұпайлар қалай берілгені. Шенеуніктің дәрежесі неғұрлым жоғары болса, соғұрлым жоғары ұпай берілген. Бұл ойға сыйар емес».

Жемқорлықпен күрес

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жұмысында да жемқорлық әрекеттер анықталып отыр. Азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бөлінген 39 млрд теңге тиімсіз игерілген. Инвестициялық жобаға арналған деген желеумен кей жер учаскелері конкурстан тыс берілген. Несие беруде де заңбұзушылықтар көп. Аталған фактілер бойынша әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың лауазымды тұлғаларына қатысты 11 қылмыстық іс тіркелді. Келтірілген шығын 7 млрд теңгеден асады.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу