Түркістан облысыда үш бірдей емхананың құрылысы мерзімінде бітпей, аяқсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысыда үш бірдей емхананың құрылысы мерзімінде бітпей, аяқсыз қалды

08.07.2022

Түркістан облысы Ордабасы ауданында үш бірдей емхананың құрылысы мерзімінде бітпей, аяқсыз қалды. Мемлекекеттік жекеменшік әріптестік аясында басталған тірліктің тоқтап тұрғанына үш жылға жуықтады. Қабырғасы қаланып, төбесі жабылған ғимараттардың құрылысы бітпей жатып тозып барады.

Сейілкүл апаның жасы ұлғайған сайын ауру сырқауы да көбейіп барады. Қан қысымы жоғары еді, былтыр оған сусамыр қосылды. Дерті дендегенде дәрігерге көріну үшін он шақырымнан астам жердегі орталыққа баруға мәжбүр.

Сейілкүл Әбіш, ауыл тұрғыны:

Үйде жатамыз бүк түсіп, Азғантай дәріміз 2-3 айға беріп еді. Таусылды. Енді соның соңынан тағы жүреміз. Сол үшін мына жерден мед. пункт болса, күндізгі стационар болса. Күннің ыстығында ары-бері шауып жүре берген оңай дейсіз бе?

Жалғыз Аққойлы ауылы емес, іргедегі Сарытоғай мен Жусансай елді мекені тұрғындарының да басындағы жағдай осы. Әрқайсысында 500-ден астам халық бар.

Оңғар Қорғанбаев, ауыл тұрғыны:

Кішкентай бар, үлкеніміз ауырсақ 10-12 шақырым жерге шапқылайсың. Ол жерге жедел жәрдем шақырсаң ол келемін дегенше кететін адам кетеді.

Халықтың талабын ескеріп, 2019 жылы үш ауылда медициналық пункттің құрылысы басталған болатын. Үшеуін де салып беруді бір инвестор мойнына алған. Ғимараттар тұрғызылып болған кезде мердігердің ісі сұйылып кетті. Артынан жұмыс мүлдем тоқтап қалды. Енді бұл істі өзге инвестор жалғастырмақ.

Күләндә Мырзабай, Шұбар ауылы дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері:

Бұрынғы «Сабина Арыстанның» орнына «ВИП» компаниясы алды ғой. Енді планды денсаулық басқармасына барып, корректировка жасатып жатыр. Сол жасалып бітіп, қол қойылған соң бастайміз дейді.

Денсаулық сактау басқармасы қазір әріптес болатын өзге компаниямен келісім жасауда. Әзірге жұмыстың нақты қай кезде басталатыны белгісіз.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу