ҰБТ-2022: 15 талапкердің тест нәтижесі жойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҰБТ-2022: 15 талапкердің тест нәтижесі жойылды

07.07.2022

Биыл Ұлттық біріңғай тест тапсырған түлектердің 33 пайызға жуығы шекті балл жинай алмаған. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі айтты.

Талапкерлердің жинаған орташа балы 66 пайыз. Сынақ кезінде 327 бала тыйым салынған затты алып кірмек болған. 15 талапкердің нәтижесі жойылды. 200-ден астамының бейнебақылау камерасындағы жазбасы тексеріліп жатыр, дейді Ұлттық тестілеу орталығының директоры. 3 мыңнан аса оқушы 120-дан жоғары ұпай жинапты. Ең жоғарғы көрсеткіш - 139 бал.

Руслан Емелбаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры:

139 балды негізі Қазақстан бойынша 3 талапкер жинады. Бірақ, өкінішке қарай 2 талапкердің 139 балл алған кезінде академиялық адалдықты сақтамай, ереже бұзу арқылы қолжеткізгені анықталып, екеуінің нәтижесі жойылды. Қазіргі кезде үшінші талапкердің де нәтижесі тексерілу барысында.

Ұлттық біріңғай тестілеу екінші жыл қатарынан екі рет өткізіліп келе жатыр. Биыл талапкерлердің 154 мыңдайы осы мүмкіндікті пайдаланған. Министрлік өкілдері бұл үдерісті пандемиядан соң қолға алғанын ашық айтты. «Бұл алдағы жылдары да жалғаса ма?», деген сауалды да жауаптыларға қойған көрдік.

Руслан Емелбаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры:

Бұл тәжірибе қазіргі кезде сарапталып, зерделеніп жатыр. Егер оңды нәтижесі қоғамда қолдау тапса бұл сақталып қалуы да мүмкін.


Хабарламаларға жазылу