Каспий бестігі теңіздің байлығынан бұрын транзиттік әлеуетін көбірек талқылады. Әлемде геосаяси ахуал қиындағандықтан дәстүрлі логистика желілері үзілгені белгілі.
Енді Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы артты. Бұл дәліз кәрі құрлықты Орталық Азия арқылы Қытаймен байланыстырады. Осы жолмен біздің елден тасымалданатын жүк кейінгі 5 айда 2,5 есе көбейген. Ал Каспийді жағалай жатқан мемлекеттермен өзара тауар айналымы 9% артыпты.
Түрікменстан, Ашхабад
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Теңіз арқылы өтетін жүк легінің көлемін ұлғайту мақсатымен оның айлақтарындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға және теңіз флотын кеңейтуге кірістік. Сонымен қатар Солтүстік – Оңтүстік перспективті дәлізін одан әрі дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлу керек. Ол үшін Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдері арасында төте жол саналатын «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолының мүмкіндігін барынша пайдалануға болады.
Иран
Осы теміржол бағытының әлеуетін кеңейту мәселесін Президент жақында Иранға барған сапарында да көтерген еді. Енді екі елмен де келісім бар деп есептеуге болатын сыңайлы.
Нұр-Сұлтан
Самат Нұртаза, саясаттанушы:
Бізге тауар айналымына дәліз керек. Егер Ресей арқылы болмаса, басқа қай жермен? Тек қана Каспийдің оңтүстік жағалауымен. Түркия, ары қарай Еуропаға шығаратын теміржолды келісіп келді президент. Ал Каспийдің оңтүстік жағалауы дегеніміз не? Иран мен Түрікменстан.
Ерсұлтан Жансейітов, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Бірақ ол жақта да өз рисктері бар. Қазір Израиль мен Иранның қарым-қатынасы соғысқа жақын. Иранның ядролық бағдарламасы бар ғой, соны мүмкін тағы да ары қарай дамытамыз ба деген хабар бар, содан Израиль қорқып, әртүрлі жағдайларға дайындалып жатыр.
Егер қауіп шындыққа айналса, тағы да жол іздеуге тура келеді.
Ерсұлтан Жансейітов, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Тағы қазір жоспарда, Ауғанстаннан Үндістанға, Пәкістанға тағы бір бағыт ойластырып жатыр. Ол бірақ ондай жеңіл болмайды, Ауғанстандағы жағдайды білесіз ғой қандай болып жатқанын.
Каспий саммитінде Қ.Тоқаев теңіз арқылы тек шикізат не химиялық өнімдер емес, азық-түлік тасымалын да ұлғайту керек деді. Былтыр Қазақстанның Каспий маңындағы елдермен азық-түлік саудасының көлемі 3,5 млрд доллар болыпты. Бірақ оның 70 пайызы Ресейге тиесілі. Ол құрлық жолы арқылы тасымалданатыны түсінікті. Ал Әзербайжан, Иран, Түрікменстан бізден теңіз арқылы негізінен бидай мен ұн сатып алады.
Түрікменстан, Ашхабад
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
1 миллион тоннадан астам майлы дақылдар шығаруға қорымыз бар. Бұдан бөлек ет-сүт өнімдерінің экспортын арттыру үшін Қазақстанның әлеуеті мол. Мемлекеттеріміздің өзара сауда-саттығын күшейту үшін заманауи логистикалық инфрақұрылымды дамыту қажет. Сондықтан Каспий маңы азық-түлік хабын құруды ұсынамыз. Бұл шығынды барынша азайта отырып, өзара тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстанда жаңа үлгідегі көтерме-тарату орталықтарының құрылысы басталды. Соның қызметін жаңа айтылған Каспий маңы азық-түлік хабымен байланыстыруға болады.
Ресей Украинаның бидайын бұғаттап, өз астығын экспорттауға тыйым салғалы әлем аштық алдында тұрғаны айтылып жүр. Сондықтан кей батыс елдерінің саясаткерлері азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан тепе-теңдік орнату үшін Қазақстанның әлеуетін пайдалануды ұсынды дейді халықаралық сарапшы.
Ерсұлтан Жансейітов, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Көп елдер қазір Қазақстанға қызығып жатыр. Украинадағы, Ресейдегі жағдайды көріп жатыр. Қазақстанды азық-түлік хабы қылуға план бар. Мысалы, қазіргідей төтенше жағдай болған кезде Қазақстан резерв болып тұрады. Инвестиция жасап, біздің жерде бидай өсірудің көлемін көбейтеді. Ол бірақ нақты шешім емес, сондай ұсыныстар бар.
Қазақстан мұнайының 80 пайызы Еуропаға Ресей арқылы жеткізіледі. Ресей-Украина шиеленісі басталғалы Каспий құбыры консорциумының жұмысы екі рет тоқтатылғаны белгілі. Сондықтан сарапшылар мұнайды да тасымалдау үшін жаңа жолдар іздей бастау керек деген пікірде.
Ерсұлтан Жансейітов, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Ондай маршруттар тез арада соғылмайды. Өйткені Қазақстаннан Түркияға дейін сондай маршрут созу үшін өте көп ақша керек. Ол жаққа Еуропаның да инвестициясы қажет. Ол мүмкін бе? Дәл қазір қиын ондай нәрсені істеу. Бірақ болашақта ол істелінетін нәрсе.
Бір бағыт – Қазақстан-Әзербайжан-Нахичевань-Түркия құбыр жолы. Бірақ ол үшін Әзербайжан мен Армения Нахичеваньда оқ атпаймыз деген келісімге келуі керек. Тағы бір бағыт бар:
Асхат Қасенғали, саясаттанушы:
Егер Иран мен Түркия қарым-қатынасы жақсы болса, онда Қазақстан-Иран-Түркия бағытында мұнай құбырын салуға болады және осы құбыр арқылы Еуропаға мұнай жеткізуге болады. Қазірдің өзінде Қазақстан мен Иран арасында жақсы қарым-қатынас бар, Қазақстан мен Түркия арасында жақсы қарым-қатынас бар, енді бұл жерде Иран мен Түркия келісе ала ма деген мәселе....
Биыл Ақтаудан Баку-Тбилиси-Жейхан құбыры арқылы 1,5 млн тонна мұнай экспорттау жоспарланып отыр. Ал мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов күзде Ақтау-Батуми жолымен тағы 1,5 млн тонна шикізат тасымалданатынын хабарлады.
Абзал Нарымбетов, Мұнай-газ саласының сарапшысы:
Көбісі Баку-Тбилиси-Джейхан арқылы мұнай жөнелту КТК-ға қарағанда 3-4 есе қымбат дейді. Ал енді Атырау-Самара арқылы жіберіп жатқан мұнайымыз жылда 11 млн тоннадай. Ол urals арқылы сатылады. Оны нарықта 30 процент арзан бағада сатып жатырсыз. Ал Баку-Тбилиси-Джейхан тариф ретінде әлдеқайда арзан. Ортадағы пайда қалады.
Қазақстан билігінің жаңа әріптестер, баламалы жолдар іздей бастауына көп жылдан бергі негізгі серіктесіміз қалай қарауы мүмкін деп сарапшылардан сұрадық.
Ерсұлтан Жансейітов, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Біздің саясат оларға да тиімді деп ойлаймын. Мысалы, Украинадағы жағдай бір нәтижеге келеді ғой түбі. Одан кейін Батыс пен Украинамен тіл табысу керек болады. Оған бір площадка керек. Басқа тиімді жағы – біздің экономикамыз стабильный болып тұрса, Ресей үшін бір флангы тыныш болады. Өйткені Ресей мен Қазақстанның шекарасы 7,5 мың км. Біздің жағдай қиын болып жатса, адамдар демонстрацияға шығып жатса, ол Ресейге қауіп тудырады.
Асхат Қасенғали, саясаттанушы:
Қазақстанның бейтарап позициясының өзі Мәскеу үшін жеңіс болатын сияқты. Себебі біздің қазір жасап отырған іс-әрекетіміз, «біз батыстың санкцияларын бұзбаймыз, бірақ біз батыстың санкцияларына қосылмаймыз» осы сөздің өзі Қазақстанның нейтрал позициясын көрсетеді.
Дағдарыстың екінші аты – мүмкіндік деп жатады. Расында, осы дағдарыс Қазақстан үшін бәрімен тепе-тең серіктестік орнату үшін мүмкіндік тудырып отырғанға ұқсайды. Президенттің екі ай ішінде жеті ел аралағаны да сол үшін шығар.
Данияр Қайыртай