Түркістан облысының Төлеби ауданында балалар жазғы демалысын тиімді өткізіп, ат спортымен айналысып жүр.
Облыстық ұлттық спорт мектебінің мамандары жеткіншектерге аударыспақтың қыр-сырын үйретеді. Бұл, әсіресе қалада тұратын балалардың ұлттық ойындарға қанығып өсуіне сеп болмақ.
Қаратөбе ауылында тұратын Жұбаныш Көлбай қазақтың ұлттық ойыны аударыспақпен екі жылдан бері айналысады. Жасөспірім бұған дейін бокс пен күреске қатысқан. Осы екі спорт түрінің аударыспаққа көп көмегі тиді, дейді. Енді ол ел чемпионы болуды армандайды.
Жұбаныш Көлбай:
Aударыспақта білегің мықты болу керек. Тізені тірей білу керек. Жалпы ат үстінде отыра білу керек. Атқа сенсең, ол да саған сенеді.
Төлеби ауданының Қаратөбе ауылында өтетін жаттығуға ауыл балаларынан бөлек, Шымкент пен Леңгір қаласынан жеткіншектер қатысады. Бұл біріншіден балалардың жазғы демалысын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын ұстануына сеп болады.
Мамандар ұлттық спорт ойындарына жасөспірімдердің қызығушылығы жоғары екенін айтады. Түймебек Жұмалиев - аударыспақтан еліміздің және Азияның бірнеше дүркін чемпионы. Білікті бапкер балаларға ат үстінде күресудің айла-тәсілдерін үйретіп жүр.
Түймебек Жұмалиев, облыстық Ұлттық спорт түрлері мектебінің жаттықтырушысы:
Ауылдағы мектепте жаттығу жасаймыз. Үлкен жарыстарға осы ұлттық спорт мектепте жиналамыз. Қазақстан чемпионатына дайындаймыз. Азия чемпионатына дайындаймыз.
Аударыспаққа икемі бар балалар облыстық ұлттық спорт түрлері мектебіне шақырылады. Сондықтан бұл спортқа деген қызығушылық жоғары. Қазір оның қыр-сырын меңгеріп жүр. Ат үстінде қалай отыру керек? Қарсыласты қалай аттан аударып тастауға болады? Барлығын жаттықтырушылары үйретеді.
Бекзат Айтбек:
Oн бес жасымнан бастап жарысқа қатыстым. Ат спорты тек палуанға ғана байланысты емес, көбінесе аттың да көмегі тиеді. Тамыз айында Қазақстан чемпионаты болады, соған қызу дайындық үстіндеміз.
Өңірде балаларды ұлттық ойын түрлеріне баулитын екі спорт мектебі бар. Онда спорттың он түрі бойынша мыңға жуық жасөспірім жаттығады.