Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ашхабадқа ресми іс-сапармен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ашхабадқа ресми іс-сапармен барды

29.06.2022

Мемлекет басшысы Ашхабадқа барды. Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікмен астанасында елдің бұрынғы президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен және қазіргі түрікмен басшысы Сердар Бердімұхамедовпен кездесті.

Түрікменстан Ұлттық кеңесі Халық мәслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов елді 15 жылдай басқарып, биылғы көктемде президенттіктен кеткен еді. Бүгін 65 жасқа толып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Бердімұхамедовты мерейтойымен құттықтап, еңбегін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Құрметті Гурбангулы Мяликгулұлы, сізді қазақстандықтар Мемлекет қайраткері деп біледі. Елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты жоғары деңгейге көтеруге зор үлес қостыңыз. Дипломатиялық қарым-қатынастарымыздың орнағанына 30 жыл. Сауда экономикалық және мәдени гуманитарлық салалар қарқынды дамып келеді. Мұнда сіздің еңбегіңіз орасан.

Қазақ-түрікмен бауырластығы бүгінде стратегиялық серіктестік деңгейіне жетті. Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Былтыр Түрікменстанға келгенде қазақ басшысына ақалтеке сыйға тартылған еді. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев қарымта құрмет көрсетті. Қазақ-түрікмен қарым-қатынасына қосқан өлшеусіз үлесі үшін Гурбангулы Бердімұхамедовті еліміздің жоғары мемлекеттік наградасы «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.

Осыдан соң Мемлекет басшысы Сердар Бердімұхамедовпен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Президентіне қонақжайлығы үшін ризашылығын білдірді. Сердар Бердімұхамедов Президент болғалы Қасым-Жомарт Тоқаевпен алғаш рет бетпе-бет кездесіп отыр. Осыған орай Мемлекет басшысы Түрікменстанның жаңа Президентін сайлаудағы жеңісімен құттықтады. Кіші Бердімұхамедов болса Қасым-Жомарт Тоқаевқа шақыруын қабыл алғаны үшін ризашылығын білдіріп, алтыншы саммиттің берері мол екенін атап өтті.

Хабарламаларға жазылу