Жер қойнауын заңсыз пайдаланғандар 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Басқа да экологиялық заңбұзушылықтар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейеді. Бұл үшін арнайы заң жобалары әзірленіп, бүгін Мәжілісте талқыланды.
Еліміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы жер өнеркәсіптік немесе тұрмыстық қалдықтармен ластанып, уланып жатыр. Сондықтан табиғи аумаққа залал келтiргендерге неғұрлым қатаң жаза қолдану ұсынылып отыр. Мысалы, жер қойнауын өз бетінше пайдалану бұған дейін қылмыстық теріс қылық деп аталатын. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі енді мұны қылмыс деп танып, Қылмыстық кодекске өзгеріс еггізуді ұсынып отыр.
Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
«Жер қойнауын өз бетінше пайдалану» 334-бабында жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету және жер қойнауын заңсыз өндіруге жол бермеу мақсатында 334-баптың 1-бөлігі қылмыстық теріс қылық санатынан қылмысқа ауыстырылып, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны енгізу арқылы санкция күшейтіледі.
Берік Көшербай, тілші:
Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу де теріс қылық санатынан қылмыс санатына ауысады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте де «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар режимін бұзу» бабы пайда болады. Министрдің айтуынша, экологиялық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту туралы Заң ұлттық табиғи байлықтарды, бірегей экожүйелерді, құрып кету қаупі бар жануарларды және олар мекендейтін жерлерді сақтау үшін маңызды. Заңдағы өзгерістер табиғат пайдаланушыларды тәртіпке келтіруге, келешекте биологиялық әртүрлілікті сақтауға да ықпал етеді.