Павлодар облысы: 24 млн-ға салынған ауыл клубы құлағалы тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысы: 24 млн-ға салынған ауыл клубы құлағалы тұр

27.06.2022

Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Ақши ауылында 10 жыл бұрын салынған клуб құлағалы тұр. Бюджеттің 24 млн теңге қаржысына салынған нысан 4 жыл бұрын апатты деп танылып, жұмысын тоқтатыпты. Ал, құрылыс сапасына берілетін кепілдік мерзімі әлі бітпеген. Солай бола тұра клубты салған мердігерді іздеген адам жоқ. Ал, жергілікті атқамінерлер бұл ауылға аяқ баспайтын болған.

Ақшидегі бұл клубтың жұмыс істеген немесе істемегенің кейінгі жастар білмейді. Нысан жабық күйінде тозып барады.

Жомарт Ахмедин, Ақши ауылының тұрғыны:

1 жыл енді істеді. 2-3 жылдай қағаз жүзінде істеген шығар. Одан кейін клуб осындай жағдайға келді міне. Фундамент қазғанда терең қазып жіберді. Су шығарып жіберді. Халықтың айтқан сөзін ескермей, судың ішіне фундамент салып жіберді.

Тілші. 300-ден аса халқы бар елді мекенде қандай да бір іс-шара өткізетін орын жоқ. Мәдениет ошағы болмағандықтан жастар да ауылға тұрақтамайтын болған.

Бақыт Жәминов, Ақши ауылының тұрғыны:

Клуб болғанда жақсы еді. Енді жастар өсіп келеді қазір, бір кешке, мерекеге жиналайын десе орын жоқ. Сондықтан клубты жөндеу керек.

Өкілетті органдар сараптама жүргізіп құрылысты «апатты» деп таныған. Аудан әкімшілігі бұл нысанның кепілдік мерзімі әлі аяқталмағандықтан біз жөндеу жұмыстарына бюджеттен көк тиын да бөле алмаймыз дейді.

Руслан Мұқашев, Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары:

2023жылға дейін оның кепілдігі бар, ол құрылыстың. Оған қазір біз тиісе алмаймыз. Заңға сәйкес біз оған тиісетін болсақ, онда біздікі заңсыз болып танылады. Сол себептен сондай жағдай.

Ал, клубты мердігер компания неге жөндемейді? Кепілдік мерзімі аяқталған соң апатты құрылысқа тіптен жоламай кететіні айдан-анық. Бірақ оларды іздеп жатқан адам жоқ, дейді ауыл тұрғындары.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу