Павлодар облысының Қалқаман кентінде екі жыл бұрын 109 млн теңгеге жөнделген үй құлағалы тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысының Қалқаман кентінде екі жыл бұрын 109 млн теңгеге жөнделген үй құлағалы тұр

18.02.2022

Павлодар облысының Ақсу қаласына қарасты Қалқаман кентінде 48 пәтерлік көпқабатты үй құлағалы тұр. Бұл нысан осыдан екі жыл бұрын ғана мемлекет қаржысына бастан аяқ жөнделген. Жалға берілген баспанада көпбалалы обасылар мен мүгедектер және жалғызбасты аналар тұрып жатыр. Меншікті тілшіміз Болат Аманбаев тұрғындармен жолықты.

Қабырға бері құласа біздің, әрі құласа көршінің соры-дейді бұл азамат. Шиеттей бала-шағаның үрей құшағында өмір сүріп жатқанына екі жыл.

Жеңіскүл Жұбайхан,  Қалқаман кентінің тұрғыны:
Бәрі міне жарылып отыр. Оның бәрін жөндеуге әжептәуір қаражат керек. Су алып жатыр. Жаман иіс. Төбенің бәрі опырылып жатыр.
Үйдің іші ғана емес, жертөлесі де апатты жағдайда. Құбырлар жарылып, кәріз суы жерге ағып жатыр.

Бақытгүл Сайлаухан, Қалқаман кентінің тұрғыны:
Бес баламмен тұрамын. Үйіміз суық болып тұр. Балаларым күртешемен отырады шай-тамақ ішкенде.
Талай жыл бос тұрған үйді жөндеуге әкімшілік 109 млн. теңге қаражат бөлген. Бірақ жөндеу бітісімен кезек күткен адамдарға берілмеген. Тек бір жылдан кейін ғана тұрғындар қоныстанған. Ал, бұл уақытта мердігер фирманың кепілдік міндеттемесі өтіп кеткен.
Нұргүл Қайырденова, «Әділдік жолы» РҚБ ПОФ жетекшісі:
Республикалық деңгейге дейін шығарып отырғандығымыздың басты себебінің бірі осы. Бұл жерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоқ-деп айта алмаймыз. Ана жерде тұру мүмкін емес. Менің ойымша әкімдердің өзі сол үйге келіп 1-2 ай тұрып кетсе, көрер еді қандай жағдайда екендігін.
Ақсу қаласы әкімшілігі апатты үйге жолауды қойған. Жергілікті әкім ашынған тұрғындарға кезекті уәдесін берді.
Нұрбұлан Мұсабеков, Қалқаман ауылдық округінің әкімі:
Сәуір айында мердігер мекеме «ЭЕК монтаж сервис» келіп бүкіл шыққан кемшіліктерді жоюға міндеттеме алып отыр. Ол жобамен мамыр айына дейін аяқталуға тиіс.
Тілші. Әкім қаралар екі жылдан бері тұрғындарға сырғытпа жауап беріп келеді. Егер осы жолы да уәде орындалмаса басқа үй берілуін талап етпек.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу