Елімізде бір айда 65 адам суға кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде бір айда 65 адам суға кеткен

27.06.2022

Елімізде бір айға жетер-жетпес уақытта 65 адам суға батып, мерт болды. Өкініштісі сол, көз жұмғандардың 28-і - бала. Мамандар бүлдіршіндерді қараусыз қалдырмай, қауіпсіздігін қадағалауды ескертеді. 

Түркістан облысында екі шетелдік азамат айдынға батып кетті. Оқыс оқиға Төлеби ауданындағы Ханарық ауылынан 5 шақырым жерде болған. Медицина академиясының студенттері табиғатта серуендеп жүргенде, Ақсу өзеніне түседі. Куәгерлердің айтуынша, оларды ұйық тартып кеткен. Қазір екі студенттің денесі іздестіріліп жатыр.

Ерік Сарыбаев, Түркістан облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

Іздестіру-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы ТЖД 19 қызметкер, 1 жүзу құралы және 4 техника, Полиция департаментінен 10 қызметкер және 5 бірлік техника жұмылдырылды. Іздестіру жұмыстарының нәтижелі болуына коньондағы шатқалдар және тік құздардың болуы қиындықтар туындатуда.

Ал Қонаев қаласындағы Қапшағай су қоймасына бір-біріне туыс төрт адам батып кетті. Демалушылар рұқсат етілмеген жерде шомылған. Толқын көтеріліп, алғашында екі бала бата бастаған. Дереу ағасы, әпкесі мен әжесі құтқаруға ұмтылған. Бірақ оқыс оқиғадан қария ғана аман қалды.

Игорь Жуков, Облыстық, ТЖД бастығының орынбасары:

"Суға түсу маусымы басталғалы бері Алматы және Жетісу облыстарында 7 адам суға кетті. Оның екеуі - бала. Жалпы, Алматы облысында шомылуға рұқсат етілген 11 жағажай бар. Оның жетеуі Қонаев қаласында орналасқан. Сондықтан, адамдар мүмкіндігінше демалыс орындарында ғана суға түссе екен дейміз. Өйткені, онда құтқару қызметі бар.

Сол Қапшағай көлінде Құтқару қызметін күтпей, мына ер азаматтар қол ұстасып, көлдің тереңдеу жеріне беттеп барады. Ондағы мақсат - жағалаудан жоғалып кеткен баланы іздеу. Жедел әрі ұйымшылдықпен әрекет етудің арқасында бүлдіршін аман-есен табылды.

Абай облысындағы Бородулиха ауданында да суға батқан бір адам құтқарылды. 21 жастағы азамат рұқсат етілмеген жерде шомылған. Қауіпсіздік ережесін ескермеген ол суға тұншыға бастаған. Жігіттің жанайқайын естігендер бірден құтқарушыларды шақырған.

Ақтаулық құтқарушылар да бір күнде 3 адамның өмірін арашалап қалды. Оның екеуі - 14 пен 16 жастағы жеткіншектер. Олар 4-шағын аудандағы жағажайдың тыйым салынған жерінде суға кете жаздаған. Абырой болғанда, сол маңдағы құтқарушылар көмек көрсетті.

Ал Павлодарда 18 жастағы жігіт іздестіріліп жатыр. Ол қалалық жағажайға суға түсуге барған. Сол жерде жоғалды. Өткен демалыс күндері өңірде қатты ыстық болып, жағажайда ине шаншар орын болмады. Сол үшін жігіттің суға қай тұстан сүңгіп, қалай батқанын адамдар байқамай қалған. Сондықтан құтқарушыларға хабар кеш жетті.

Жалпы, суға шомылу маусымы басалғалы бері еліміздің су айдындарында 39 адам, оның ішінде 6 бала құтқарылды. Мамандар қайғылы жағдайды болдырмас үшін қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеді.

Фариза Мұсақызы



Хабарламаларға жазылу