Жамбыл облысында сел шайған бірнеше ауылда төтенше жағдай жарияланды. Табиғи апаттан келген шығын 135 миллион теңгеден асқан. 23-ші маусым күні толассыз жауған жаңбырдың соңы селге ұласып, Қордай ауданындағы Үлкен Сұлутөр және Ноғайбай елдімекендерін шайып кеткен болатын. 17 үйдің ауласын су басып, 5 үйдің ішіне кірген. 12 үйдің қора-жайы мен қоршаулары бүлінді. Комиссияның мәліметінше, үш ауылдан 169 қой-ешкі, 4 жылқы, 2 сиыр және 380 тауық шығын болған. Сұлутөр елдімекенінде ауыз су жүйесі, электр желілері істен шыққан. Тұрғындарды күніне 3 мезгіл ауызсумен қамтамасыз ету үшін арнайы техника бөлінді. Сондай-ақ, тау суы ауылішілік бірнеше көпірді шайып кеткен. Қазір жөндеу жүріп жатыр. Барлық шығын мемлекет есебінен өтеледі.