Аймақтарда қантқа талас үдеп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аймақтарда қантқа талас үдеп барады

26.06.2022

Қарызға батқан халық, сөрелерде қант жоқ. Қызылордалықтар шекер үшін кезекке түннен тұруға мәжбүр болған. Әлеуметтік дүкендерде қант 370 теңгеден сатылады, бірақ талонмен. Алғашқы 50 адамға. Жамбыл облысының Жуалы ауданында да жұрт қантқа таласып қалды.

Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауды еске салатын картина. Кей өңірлерде қант атымен жоқ. Ал қазір жеміс-жидек пісіп, халықтың қыс қамына кірісетін кезең. Жауапты министрліктер не дейді екен? Бұған дейін проблеманы мойындамаған еді. Ал осы аптада Сауда министрлігі «қаласаң да, қаламасаң да, қант бағасы өседі» деп мәлімдеген. Себебін тасымалдың қиындағанымен түсіндіріп отыр. Бұған дейін қанттың 70 пайызын Ресейден алатынбыз. Солай арзанырақ болған.

Көрші ел шекер экспортына шектеу қойды. Үндістан да. Ірі импортерлер Бразилия мен Вьетнамнан тасымалдау қымбатқа түсіп жатыр. Ал Қазақстан зауыттарының ішкі нарықты түгел қамтуға қауқары жетпейді. Амангелді Сейтханның репортажы.

Осы сұрақтың бір нақты жауабы айтылмағалы 4 айға жуықтады. Ал, аймақтарда қантқа талас үдеп барады.

Бұл 2 бірдей қант шығаратын зауыт орналасқан Жетісу облысындағы жағдай. Талдықорған тұрғындары тұрақтандыру қорынан арзан бағамен, яғни, 280 теңгеден сатылатын қантты алу үшін түнгі 2-ден бастап кезекке тұратын болған. Өйткені, аптасына үш рет келетін қант жетпей қала береді.

Мұнда қант әр әдамға екі келіден артық берілмейді. Бірақ, Жетісу әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері тапшылық жоқ,-дейді. Олардың сөзінше былтыр қорға 2600 тонна өнім жиналған. Бүгінге дейін соның 1100 тоннасы ғана сатылған.

Бахтияр Сембеков6 «Жетісу» ӘКК департамент директоры:

Қазіргі уақытта тұрақтандыру қоры мен айналым схемасы бойынша бізде мың жарым тонна қант қорда бар. Сәуір айында СПК тарапынан 3 жақты меморандум Көксу қант зауыты, 3 ірі сауда желілері 2 мың тонна қантқа меморандум жасалынды. Сол арқылы 500 тонна қант сауда желілеріне жеткізілді. Полкаларда 450-460 тегеден қазір қант сатылып жатыр.

Ал, елдегі ірі қант зауыты бар тағы бір өңір Жамбыл облысының тұрғындарының 450 теңгеге сатылатын қантқа қолдары жетпей тұр. Мұнда тәтті өнімге таласқан жұрт жаға жыртысуда.

Ал, біз Елорда базарларын аралап көрдік. Ол жақта баға тіптен ұшып тұр. Өйткені, сатушылар өзімізге де қант қымбат келіп жатыр,-дейді.

Сұлтан Молдасанов, базар қызметкері:

Магнум, Смоллдарда сахар бар дейді негізінде. 460, 380 теңгеден дейді. Бірақ, ол жерде сахар жоқ. Оны жоғары жақтағылар деп ойлаймын. Қазір енді вареньенің уақытысы қымбаттатып отқан.

Демек, ел ішінде тапшылық қолдан жасалып отыр деп ойлайтындар бар. Оған жауаптылар не дейді? Өйткені, тиісті министрліктер осыған дейін қант жеткілікті, дүрбелеңді халық өзі тудырып отыр деген. Ал, осы аптада сауда және интеграция министрі тауардың қымбаттауына Ресейдің қант экспортын шектеуі себеп екенін айтты.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

Бүгінгі күні қанттың логистикасы өзгеріп отыр. Өйткені, біз жыл сайын шамамен 370-380 мың тоннаны бұрын Ресейден алып келетін. Бүгінгі күні Ресей тарапынан қантты және де басқа да тағамдарды шығаруға шектеулер қойылып отыр. Дегенмен, басқа елдерден тартып отырмыз. Мысалы, Индия, Вьетнам, Түркия, Египет және Бразилиядан алып келе жатырмыз. Сондықтан, қантты және біздің қант зауыттарына шикізаттарын алып келу үшін бірақ уақыттар керек.

Министрдің сөзінше қазір 350 мың тонна қант импорттауға келісім жасалған. Бірақ қажеттілікті өтеу үшін әлі 100 мың тонна қажет. Ал, мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаевтың айтуынша тәтті өнім жыл басынан бері 61 пайызға қымбаттаған. Тауар бағасы тағы өссе, елде дау-дамай тууы мүмкін.

Фахриддин Қаратаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Өйткені, мұның салдарынан қантты тұтынатын отандық өнім өндіретін кондитерлік шағын кәсіпкерледерді айтпағанда ірі кәсіптердің өзі жабылуда. Сондықтанда, республиканың қантқа жылдық қажеттілігі орта есеппен 550-600 мың тоннаны құрайтынын және тарифтік жеңілдікті 550-600 мың тоннаға дейін арттыруды орынды деп тануды сұраймыз.

Үкімет қант тапшылығын жою үшін импорттық баж салығын қарашаға дейін тоқтатты. Бұл қантты жеткізу құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Мәселені шешудің басқа амалы да жоқ сияқты. Өйткені, сала импортқа тәуелді.

Ербол Есенеев, «Атамекен» ҰКП департамент директоры:

Жылына 580 мың тонна қант қажет Қазақстанға. Оның үлкен бөлігі 90 пайызы 500 мың тоннасы импортталады. Біз өз нарығымызды 10-ақ пайызға қамтып отырмыз.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының болжамынша, күзге қарай жағдай тағы қиындауы мүмкін. Өйткені, биыл 12 мың гектар жерге ғана қызылша егілген.

Ербол Есенеев, «Атамекен» ҰКП департамент директоры:

Біздің есебіміз бойынша жалпы қазақстанды 80 пайыз қамту үшін ең кемі 110 мың гектар жер қажет етеді екен. Сондықтан, оны шаруаларды қызылшаны егі үшін қызықтыру керек. Тағы бір үлкен сұрақ ол жаңағы тұқым. Осы күнге шейін біз тұқымда Ресейден тасымалдаймыз. Өзіміздің отандық тұқым әлі жоқ.

Осындай ұзақ мерзімді жүйелі жұмыстар жасалмаса, қант қана емес, тәтті тағамдардың бәрі қымбаттауы мүмкін. Мәселен, Назерке торт, бәліш пісіріп сатады. Ол торт пісіруді үйретіп онлайн сабақ та өткізеді. Айтуынша, сол сабаққа қатысатын қыздардың көбі кәсібін тоқтатып жатыр.

Назерке Махаш, жеке кәсіпкер:

Өткен жолы инстаграм парақшамда опрос жүргізген болатынмын. Сол опрос бойынша қыздар тортты сату қиынға соғып жатқанын растайды. Біздің өніміміз 100 пайыз табиғи болғандықтан, басқа цехтардан қымбатырақ. Ал, енді біз тағы да бағаны көтеретін болсақ, клиенттеріміз азайып қалуы мүмкін.

Егер қордағы қант таусылса, кондитерлік саладағы 10 мыңнан астам адам жұмыссыз қалуы мүмкін деген де болжам бар. Ал, кеше премьер-министр Алихан Смайылов қанттың орташа бағасы шамамен 480 теңге болуы тиіс,-деді. Ол жеке кәсіпкерлер қант бағасын қолдан көтеріп отыр дегенді де айтты. Өйткені, әкімдіктер соңғы аптада үй жанындағы 40 мыңнан астам дүкенге рейд жасаған. Нәтижесінде, 712 заң бұзушылық анықталған.

Амангелді Сейтхан

Хабарламаларға жазылу