«Super bol» реалити-шоуы: Футболға әуес жастар іріктелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Super bol» реалити-шоуы: Футболға әуес жастар іріктелді

24.06.2022

Ел тарихындағы ең ауқымды әрі бірегей «Super bol» спорттық реалити-шоуы Алматыда кастинг өткізді. Іріктеуге 16-25 жас аралығындағы 2000-ға жуық үміткер қатысты. Жоба «Қазспорт» телеарнасында эфирге шығады. Мақсаты - теңбіл допты шыр үйіретін шеберлерді шыңдау.

Таланттарды таңдауға арналған шоудың іріктеуіне жиналғандар аз болмады. Арасында республикалық теңбіл доп сайыстарында топ жарғандар да бар.

Нұриддин Темірханұлы ойнайтын команда бүгінгі іріктеуге түгел келген. Айтуынша, кастингке тыңғылықты дайындалып, осы күнді тағатсыздана күткен.

Нұриддин Әбдіхалық, «Super bol» реалити-шоуына қатысушы:

Бізге мына жоба қатты ұнады. Бізге мотивация береді. Кәсіпқой футболшы болғымыз келеді. Бәріміз кішкентай кезімізден бірге ойнаймыз. «Алғабас» командасында.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, жобаның басты ерекшелігі - форматы мен жаңашылдығы. Мұндай шоу елімізде бұрын-соңды болмаған. «Super bol», ең алдымен, жастарға қолдау көрсетуге бағытталған.

Данияр Жұмаділов, «Super bol» реалити-шоуының жүргізушісі:

Бұл жерде эмоция да бар. Бір-бірімен ертең бір бөлмеде тұрып ұрысатын кездері болады. Соның бәрін түсіреді. Бір-бірімен татуласқан кезде, жарақат алған кезде, біреудің денсаулығы шыдамауы мүмкін. Өйткені, Талғарға барып Қазақстан құрама командасының дайындалатын жерінде, базасында дайындалады. Бұған енді денсаулық керек.

Іріктеушілер тобы елімізге кеңінен танымал мамандардан құралған. Жас таланттардың қарым-қабілетін Самат Смақов, Давид Лория, сынды кәсіби футболшылар бақылады.

Самат Смақов, «Super bol» реалити-шоуының Бас жаттықтырушысы:

Бүгін бізде ақырғы іріктеу сайысы өтіп жатыр. 28 маусымда «Жас қыран» стадионында финал өтеді. Қатысушылар бір-бірінен асып түседі. Арасында мүлдем футбол ойнап көрмегендер бар. Десе де, таланттар біздің назарымыздан тыс қалмайды. Бұл шоу жастардың арманын жүзеге асыруына мүмкіндік береді.

Іріктеуден өткендер озық футбол базасында жаттығып, тәжірибелі бапкерлердің тәрбиесін алады. Кейіннен келісімшартқа отыруға да мүмкіндік бар. Финалдық матчқа отандық және халықаралық футбол клубтарының өкілдері шақырылады деп жоспарланған.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу