Нұр-Сұлтанда зиянкестердің таралу алаңы екі есе азайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтанда зиянкестердің таралу алаңы екі есе азайды

21.06.2022

Соңғы 4 жылда елімізде шегірткенің таралу алаңы екі есе азайды. Биыл мұндай алқаптың ауданы 970 мың гектар. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері мәлімдеді.

Биыл зиянкестердің таралу қаупі бойынша Ақтөбе облысы көш бастап тұр. Алғашқы үштікте Қостанай, Батыс Қазақстан аймақтары бар. «Дегенмен алқаптарды шегірткеге қарсы дәрілеу жұмыстары уақытылы жүргізіліп, алдын алу шаралары кестеге сай жүзеге асырылды», – дейді ведомство өкілдері. Бұл бағыттағы жұмыстарға биыл республикалық бюджеттен 2 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылған.

Алмабек Марс, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің комитет төрағасы:

Республика бойынша 760 мың гектар өңдесек, тек бір ауданда Ақтөбе облысы, Айтеке би ауданында 211 мың гектар өңдейміз. Бұл – үлкен жұмыс. Ол жерге қазір 40-тан аса техника, 4 топ химиялық өңдеу препараттарын апардық. Осы облысқа біз қатты көңіл бөлудеміз.

Өсімдіктер карантині саласында да бақылау күшейтіліп, жұмыстар ширап келеді. Жыл басынан бірыңғай карантиндік фитосанитарлық талаптарды бұзған экспорттаушы елдерге 165 ескерту жасалған.

Мысалы, Литвадан жеткізілген гүлдерден «Батыс гүлі трипсі» анықталып, 35 мың дана хризантема мен раушан гүлі тәркіленіп, жойылды. Сонымен қатар Нидерландыдан алып келген 40 тонна сәбіз тұқымынан «Зебра чип» ауруы анықталған. Импорттық жүк жойылды. 

Хабарламаларға жазылу