Қарағанды облысындағы металлургиялық комбинатта болған қайғылы жағдайға кінәлі деген күдікпен "Арселлор Миттал Теміртау" компаниясының екі лауазымды тұлғасы қамауға алынды. Қазір бұл іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Күдіктілердің үстінен «құрылыс жұмыстарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік шараларын бұзып, абайсызда екі немесе оданда көп адам өліміне әкеп соғу» - деген бап бойынша қылмыстық іс қаралып жатыр. Еске сала кетейін, 10-шы маусым күні комбинаттағы цехтардың бірінде жұмысшылар ескі пешті бұзып жатқанда төбесі ортасына опырылып түскен. Үйінді астында қалған 5 адамның 4-уі сол жерде мерт болады. Бірі ауыр жарақаттармен ауруханаға түскен болатын.
Бақытжан Құдияров, ОблыстыҚПД баспасөз қызметінің басшысы:
Қылмыстық істі тергеу барысында мекеме жұмысшылары сонымен қатар өндіріс кезінде қауіпсіздік шараларына жауапты тұлғалардан жауап алынды. Жинақталған материалдардың негізінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 277 бабына сай қауіпсіздік шараларына жауапты 2 басшы ұсталды. 2022 жылдың 19 маусымы күні Теміртау қаласының тергеу сотымен күдіктілерге қатысты қамауда ұстау бұлтартпау шарасы қабылданды.
Руслан Нұрланұлы