Президент көрші ел тарапынан айтылатын қаңқу әңгімеге нық жауап қайтарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент көрші ел тарапынан айтылатын қаңқу әңгімеге нық жауап қайтарды

19.06.2022

Осы сапар алдында Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей телеарнасына сұхбат берген еді. Онда да көрші ел тарапынан айтылатын қаңқу әңгімеге нық жауап қайтарылды. Әңгіме қаңтар трагедиясы кезінде елімізге Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскері келуі жайында.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кейбіреулер «Ресей Қазақстанды «құтқарды», енді Қазақстан мәңгілік Ресейге қарыз деп уәж айтады. Менің ойымша бұл мүлдем негізсіз, шындықтан алыс тұжырым. Әу бастан контингент әскери қимылдарға қатыспайды деп келістік. Расында да, ұжымдық әскер біздің елде бірде-бір оқ атқан жоқ.

Ресеймен экономикалық байланысты екіжақты, көпжақты деңгейде жалғастыру мәселесі де қозғалды. Ресейді батыс әлемі санкциялармен қыспаққа алып жатыр. Мұндай жағдайда Қазақстанның, ең алдымен, ұлттық мүддені ойлайтыны – заңдылық.

Бірақ геосаяси ахуал ушыққан сәтті Тоқаев «Сцилла мен Харибданың арасымен өтумен пара-пар» деді. Олар - ежелгі гректердің аңыздарында сипатталатын теңіз құбыжықтары. Бір жағына барсаң, біреуі жалын атып тұрады. Екінші жағында – екіншісі. Екі оттың ортасынан амалын тауып, аман шығу да оңай емес екені анық.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Санкцияның аты – санкция. Оларды бұзбауымыз керек. Оның үстіне, біз үнемі санкцияларды бұзсақ, Батыс тарапы біздің экономикамызға «екінші деңгейлі санкциялар» қолданатынын ескертіп тұрады. Яғни, өте күрделі жұмыс жүріп жатыр. Шетін мәселені Сцилла мен Харибда арасымен өту деп те атай алушы едім.



Хабарламаларға жазылу