Қасым-Жомарт Тоқаев Тегеранға ресми сапармен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Тегеранға ресми сапармен барды

19.06.2022

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Тегеранға ресми сапармен барып, Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисимен шағын құрамда келіссөз жүргізді. Бұл –Тоқаевтың Парсы шығанағындағы елге жасаған алғашқы сапары. Қос елді каспий жалғап тұр. Сондықтан алыс-берісті ұлғайту үшін теңізді тиімді пайдалану керек. Қазір Қазақстан Түркияға тауар тасу үшін Каспий арқылы кемемен, одан кейін Әзірбайжан, Армения елдері арқылы пойызбен 20 күн жоғалтады. Енді жүкті Иран арқылы жылдам жеткізуге болады.

Иран - ислам мемлекеті болған соң жергілікті жұрт бейсенбі, жұма күндері демалады. Ал сенбі жексенбі керісінше жұмыс. Осында ресми сапармен келген президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бүгін дамыл тапқан жоқ. Ұшақтан түскен бойда Саадабад сарайына бет алды.

Ал осы кезде мұнда қазақ басшысын қарсы алуға қызу дайындық жүріп жатты. Айнала қайта-қайта сыпырылып, оркестр әнұранды орындаумен болды.

Мәртебелі мейманды Иран президенті Ибрахим Раиси барлық сән салтанатымен қарсы алды. Қызыл кілем, қарауыл, оркестр. Халықаралық протоколға сай бұл үлкен құрметтің белгісі.

Сондықтан қос елдің әнұраны шырқалып, президенттер бір-бірінің делегация мүшелерімен қол алысқан соң, шағын құрамда кеңесуге кірісті. Осы жерде Қасым-Жомарт Тоқаев Иран азаматтарының Қазақстанда 14 күн визасыз жүруіне рұқсат берілгенін атап өтті. Бұл түрлі саладағы серіктестікті арттыруға сеп. Өйткені екі ел арасындағы тауар айналым АҚШ-тың Иранға салған санкциясынан кейін едәуір азайған еді. Қазір қайта жанданып келеді. Бірінші тоқсандағы көрсеткіш 200 миллион долларға жуық. Тағы ұлғайтуға екі елдің де әлеуеті жетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастық – екі жақты қарым-қатынастық басым бағыттарының бірі. Алайда геосаяси ахуал және экономикалық шектеулер әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр. Дегенмен, өзара алыс-беріс биылғы бірінші тоқсанда 50 пайызға артты. Ендігі мақсат – тауар айналымының қарқынын еселей түсу.

Ибрахим Раиси, Иран Ислам Республикасының Президенті:

Біз алғаш рет Душанбе саммитінде кездескен едік. Сізбен екінші рет Тегеранда жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Сіздің Президент ретінде келген бұл сапарыңыз екіжақты қарым-қатынастарымыздың дамуына тың серпін беретін ұлы бетбұрыс боларына сенімдімін.

Биыл Қазақстан мен Иран арасындағы дипломатияға 30 жыл. Осы уақытта жан-жақты байланыс нығайып, достық қарым-қатынас беки түсті. Иран - Қазақстанның Таяу және Орта Шығыстағы маңызды экономикалық серіктесіне айналды. Енді екі ел ауыл шаруашылығын бірігіп дамытуды көздеп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Иран компаниялары Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында табысты жұмыс істеп жатыр. Олар өнімдерін шет мемлекеттергеде шығарып жүр. Бірлескен үкіметаралық комиссия екі жақты экономикалық байланысты нығайтуға зор септігін тигізері анық. Біз бірлескен сауда палаталарын құруды жоспарлап отырмыз.

Парсы елінің инженерлік-техникалық, фармацевтикалық, сондай-ақ, электр станцияларының құрылысы саласындағы әлеуеті зор. Ал Қазақстан азық-түлік пен астыққа бай. Бірақ тауар айналымды жеделдету үшін көлік транзиттік саланы жетілдіру қажет. Мәселен еліміз Түркияға тауар тасу үшін Каспий арқылы кемемен кейін, Әзірбайжан, Армения елдері арқылы пойызбен 20 күн жоғалтады. Енді жүкті Иран арқылы жылдам жеткізуге болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Елдеріміздің көлік-транзин әлеуетін толық пайдалануға екі жақ та мүдделі. Осы ретте Оңтүстік пен Солтүстікті, Шығыс пен Батысты жалғайтын тасымал дәлізі маңызды рөл атқарады. Бір апта бұрын Қазақстаннан шыққан жүк пойызын бүгін осында қарсы алдық. Енді ол Түркияға бет алады. Күрделі геосаси ахуал кезінде бұл айрықша маңызды.

Иран – жаһандағы ірі мемлекеттердің бірі. Мұнай қоры бойынша әлемде 3, ал газ қоры бойынша 1 орында. Бірақ, ядролық бағдарламасы үшін ұзақ уақыттан бері санкцияның құрсауында. Сол үшін былтыр сайланған сегізінші президент Ибрахим Раиси жылымық саясат ұстана бастағандай. Өйтпесе болмайды. Елде қымбатшылық. Инфляция шарықтап тұр. Мәселен бір теңге 800 Иран риалына тең.

Ибрахим Раиси, Иран Ислам Республикасының Президенті:

Қазақстан да, Иран да ауқымды мұнай-газ қорларына ие. Біз осы саладағы тәжірибелерімізбен бөлісіп, өзара инвестициялар тартуға да назар аударамыз. Әрі көлік транзиттік және ауыл шаруашылығы мен туризм салаларының әлеуетін арттыруға дайынбыз.

Кездесу соңында Тоқаев парсы елінің басшысын елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Әрі маңызды 21 құжат бекіді. Байланыс сан салада жанданбақ. Теле өнімдерді алмасудан бастап мәдениет, өнеркәсіп, тау-кен, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ бен темір жол қатынасы бағытында байланыс артады.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу