Еуропаның бірқатар елінде күн ысып орман өрті көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропаның бірқатар елінде күн ысып орман өрті көбейді

16.06.2022

Еуропаның бірқатар елінде күн ысып, орман өрті көбейді. Франция, Испанияда ауа температурасы 40 градусқа жеткен. Ауа-райын бақылаушылар жақын күндері аптап ыстық Германия мен Италияға да жетеді деп отыр. Ал АҚШ-та құрғақ желден бірнеше күннен бері орман өртін сөндіру мүмкін болмай жатыр.

Францияның орталық бөліктерінде аптап ыстық. Сынап бағанасы 40 градусты көрсетіп тұр. Мұндай ауа-райы бірнеше күнге жалғасады. Күннің шыжуы салдарынан құрғақшылық белең алуы мүмкін дейді мамандар. Ал жергілікті ауа-райы сарапшысы Оливье Прустың пікірінше, күннің осыншама қатты ысуы - жаһандық жылыну құбылысының белгісі.

Оливье Пруст, ауа-райы сарапшысы:

"Мұндай құбылыс жиі қайталануы мүмкін. Бұған адам факторы себеп. Соңғы уақыттарда ғаламдық жылыну құбылысының белгілері айқын біліне бастады".

Испания

Испанияда термометр көрсеткіші 40 градустан асты. Мұндай аптап елде соңғы 40 жылда болмаған. Алапат орман өрті тұтанды. Жалын 1 мың гектардан астам аумақты шарпыған. Жағдайды ыстық, құрғақ жел қиындатып отыр. Ал, тұрғындар болса, ауа желдеткіштерін, субұрқақтар мен салқын сусындардың көмегімен ыстықтан қорғануға мәжбүр.

Поль Франсис, құрылысшы:

"Мұндай ыстыққа төзу қиын. Жұмыс істеу мүмкін емес. Сол себепті көп су ішіп, ағаш көлеңкесін саялауға мәжбүрміз".

АҚШ

АҚШ-та да орман өрті дес бермей жатыр. Өртенген аумақ 20 мың гектарға жеткен. Аризонада осыған орай жүздеген адам эвакуацияланды. Өртті сөндіру мүмкін болмай жатыр. Өңірде аптап ыстық орнап, күшті жел соғып тұр.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу