Түркістан облысында тұрғындар құжаты болмаса да, қалаған жеріне үй салуын тоқтатар емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында тұрғындар құжаты болмаса да, қалаған жеріне үй салуын тоқтатар емес

16.06.2022

Түркістан облысында тұрғындар құжаты болмаса да, қалаған жеріне үй салуын тоқтатар емес. Мәселен Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылдық округінде мыңнан астам тұрғын үй құжатсыз салынған. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге баспана салуға тыйым бар. Бірақ жұрт оған құлақ аспайды дейді жергілікті билік өкілдері. Айнұр Ақбаева тарқатады.

Қарабұлақ ауылының тұрғыны Сабыржан Халманов қолында бір құжаты болмаса да, баспана тұрғызып жатыр. Жер телімі үй салуға арналмағанын біледі. Әкімдік тарапынан ескертілген. Бірақ құлақ аспапты. Мұндай әрекетке баруымның өз себебі бар дейді. Бір үйде төрт келін симаған соң, екеуінің еншісін бермек.

Сабыржан Халманов, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:

Әкімшілік жағынан сұрасақ жер бермейді. Ақша бермейді. Бәрібір салуымыз керек қой, өмір сүруіміз керек қой. Күн көру керек. қарапайым халық неғыламыз, өмір сүрмей кетеміз ба?! Сол үшін соғып жатырмыз енді үй. Амал жоқ басқа.

Алпыс мыңға тарта тұрғыны бар Қарабұлақта мыңнан аса үй осылай салынып кеткен. Тіпті құрылысты енді бастағандар да жетерлік. Жергілікті халық мұның заңсыз екенін жақсы біледі. Бірақ баспана салуды тоқтатар емес

Әбдішүкір Әбдәзимов, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:

Құжатсыз сатып алынған. Көпшілік істеген нәрсені істейміз біз, маған ұқсаған 100 ба, 150 ма үй тұр. Бәрін алса береміз біз де.

Заңсыз құрылыс соңғы жылдары тіпті белең алған. Оны тоқтатуға жергілікті биліктің де, құзырлы органдардың да шамасы жетер емес. Ауыл әкімі тұрғындар «құрылысты тоқтат» деген ескертуді елемей, бір түнде үйдің іргетасын құйып, кірпішін қалап үлгеріп жатқанын айтады.

Камилжон Абдилахатов, Қарабұлақ ауылының әкімі:

Фундаментін қазып қойған болса, енді уже таңда кеп көрсеңіз уже екі опалубка құйып қойған болады. Азанға дейін кірпішін қалап шығып жатқан отбасылар да бар. Өйткені біз үлгере алмай қаламыз. Түнде кеп оларды тоқтату мүмкіншілігі жоқ. Біз түнде келе алмаймыз жұмыс уақыттан тыс уақытысында

Статистикаға жүгінсек, Қарабұлақ ауыл округінде 7 мыңнан астам адам жердің кезегінде тұр. Соңғы он жылдан бері ешкімге жер телімі берілмеген. Атқамінерлер егістік жерлерге үй салып алғандар енді құжатын заңдастыруға міндетті деп отыр. Десе де мұны атқару оңайға соқпайды.

Шухратулла Убайдуллаев, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары:

Тек қана сот арқылы меншік иесін таниды немесе кадастр бағасымен үкіметтен алгоритмге сәйкес сатып алады жерді. Көп халық көнбей жатыр сатып алуға. Жағдайлары дұрыс келмейді.

Ауылда заңсыз салынған мыңнан аса үйдің тек 28-іне құжат рәсімделген. Өзгелері қаралу үстінде. Қарабұлақта тұрғын үй тұрмақ, кәсіпкерлік нысандар да ауылшаруашылығы мақсатындағы жерге салынып кеткені анықталған. 28 нысан шаруа қожалығына тиесілі аумаққа тұрғызылыпты. Оларды бұзу бойынша істің сотқа өткені белгілі болды.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу