Пәкістан үкіметі халықты шай ішуді азайтуға шақырды. Сондағы мақсаты – импортқа шығынды қысқартып, сарқылып бара жатқан валюталық резервті сақтау.
Елдің Жоспарлау және даму министрі Ахсан Иқбалдың сөзінше, пәкістандықтар күніне 1 немесе 2 кеседен артық шай ішпеуі керек. Өйткені, сол шайды сырттан сатып алу үшін Исламабад қыруар ақша жұмсауға мәжбүр.
Тұрғындарының саны 220 миллионға жеткен Пәкістан бірнеше айдан бері экономикалық дағдарысты бастан кешіп жатыр. Оның шетелдік ақша қорында небары 9,2 миллиард доллар қалған. Бұл қаражат 45 күн ғана тауар импорттауға ғана жетеді екен.
Тағы бір айта кететін жайт, Пәкістан билігі Халықаралық валюта қорынан көмек алу үшін жанармайды субсидиялау деңгейін мамырдың 26-нан бері үш рет қысқартқан.