Теріскейде керісінше жайылым жетіспей жатыр. Солтүстік Қазақстан облысындағы Новокаменка ауылының тұрғындары, бағып отырған төрт түлік аштан қырыла ма деп алаңдаулы. Оған жайылымның жыл сайын тарылып бара жатқаны себеп. Мал қайта-қайта егінге түсіп, айыппұл арқалаған бақташылар жұмыстан бас тартқан.
Ауыл тұрғындарының дені нәпақасын төрт түліктен тауып отыр. Екі жыл қатарынан шаруаларды құрғақшылық қыспаққа алып келеді. Бірнеше жылдан бері ауылдың малын бағатын Дархан Әбілдаев биыл бұл жұмысынан бас тартқан.
Дархан Әбілдаев, бақташы:
Неге тастамаймын мен, жер жоқ қой. Шөп болмаса, қайтып арық болмайды бұлар? Жем болмағасын талды жейді. Шығып кетсе, егінге түседі.
Бүгінде ауыл халқы күндіз-түні төрт түлігін аңдуға көшкен. Өйткені елді мекеннің маңайы түгел егін. Мал түссе, иесіне айыппұл салынады. Тақыр жерді айналшықтаған сиырлар сүт беруден қалған.
Сабыр Сайдоллаев, Новокаменка ауылының тұрғыны:
Шөп жоқ қой, мұнда жөп жоқ қой. Енді бәрі жаққа барсаңыз, ана крестьяндарға берген. Әкімдікке бардық, жер жоқ дейді. Менде де бір 60 шақты қара мал бар. «Мен, мен» деген сиырлардың 3 литр, 4 литр. 12 литр көктемде беріп тұрған малымыз.
Дүйсембай Құрманғалиев, Новокаменка ауылының тұрғыны:
Крестьяндардан арендаға 12 гектар жер алдық. Ол жерде шөп жоқ, кеуіп қалған. Аш болғасын мал өледі, құлайды ертең. Сосын не істейміз оны. Базарға апара алмайсың, арық малды кім алады? Свалкаға, скотомогильникке сүйреп тастаймыз.
Новокаменка ауылында мың басқа жуық мал тіркелген. Есеп бойынша 1500 гектар жайылым қажет. Іс жүзінде оның жартысы ғана бар.
Көпеш Тұрыжанов, Қызылжар аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
Жайылымдық және шабындық жері бар, бірақ малы жоқ шаруашылықтар тексерілуде. 1 жыл бойы бос жатқан жерлер сот арқылы мемлекетке қайтарылады. Жақында ғана осындай 4,2 гектар аумақ әкімдік меншігіне өтті. Жайылым мәселесін шешу мақсатында кейбір агроқұрылымдармен меморандумға қол қойдық. Оған сәйкес бос жатқан жерді халық пайдалана алады.
Солтүстік Қазақстандағы ауылдардың басым бөлігі жайылым пен шабындықтан таршылық көріп отыр. Әсіресе облыс орталығына жақын орналасқан елді мекендерде жағдай күрделі. Тек Қызылжар ауданы бойынша 30 мың гектардай жер жетіспейді.
Эльмира Кәленова